Өнер

Автор: ADMIN

Өнер 2026-06-10 13:56:00

Біз әлеуметтік желілерде:

Театр – әсемдікке баулиды

news single

    Әсем Алатау баурайындағы сұлу Алматыға ат арылтып, алыс-жақын елдерден қонақ болып келіп жатқан өнерсүйер қауымға рухани демалыс сыйлайтын киелі шаңырақтардың бірі де бірегейі — Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры. Небір жаны жайсаң саңлақтар тоғысқан бұл қара шаңырақта бүгінде ұрпақтар сабақтастығы жыл өткен сайын берік орнығып келеді. Ұжым талантты жастармен толығуда. Жас буынның көркемдік ізденістері де әр қилы. 2008 жылғы «Театр көктемі» фестивалін біртуар тұлға, театр және кино актері Нұрмұхан Жантөриннің 80 жылдығына арнаған театр ұжымы жылдағы үрдістен айнымай, қазақ өнеріне еңбегі сіңген айтулы тұлғаларды еске алу кештерін жоғары деңгейде ұйымдастырып келеді. Осы фестивальден кейін-ақ өнер ошағы Қазақстанның халық әртісі, театр және кино өнерінің дарабозы, өмірден ерте озған актер Әнуар Боранбаевты еске алу кешін өткізуді қолға алған болатын.

 

    Ғибратты кеште актердің тағдырлас әріптестері мен туған-туыстары, достары өнер тарланының адами қасиеттері мен шынайы болмыс-бітімін, өмірдегі жайсаң мінезін еске алысты. Іште тұнған сағыныштарын ақтарып, бір марқайып қалды. Кеш барысында актердің өнері мен өмір жолына арналған «Актер тағдыры» атты жаңа кітап таныстырылып, театр қонақтарына тегін таратылды. Сондай-ақ дәл осындай жоғары деңгейде көрнекті актер Әнуар Молдабековтің туғанына 70 жыл толуына арналған еске алу кеші де театр сахнасында аталып өтті. Ұйымдастырылуы бір-биріне ұқсамайтын мұндай өнер кештерін өткізуге аса ыждаһаттылықпен даярланған театр ұжымының еңбегі ұшан-теңіз. Актерді еске алу кеші қарсаңында «Өнер» баспасынан «Әнуар Молдабеков» атты тағы бір әдемі кітап жарық көрді. Осы кештен кейін театр ұжымы 82-маусымын жауып, жазғы кезекті демалысқа шыққан болатын. Театрның соңғы кездегі үлкен жетістігі — гастрольдік жүйенің қайта жандануы. Осы жылғы маусымда театр елордамыз Астана, сондай-ақ Қостанай, Талдықорған қалаларында шығармашылық сапарда болып қайтты. Қоңыр күздің алғашқы күндерінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен академиялық драма театр сахнасы «Орталық Азия мемлекеттерінің ІІ Халықаралық театрлар фестивалінің» ашылу салтанатына орай өз көрермендеріне есігін айқара ашты. Сөз реті келгенде айта кету ләзім, бұл фестивальге өздерінің жаңа туындыларының бірі — «Сұлу мен суретші» (Т. Ахметжан, режиссері Н. Жақыпбай) спектаклімен қатысқан театр ұжымы бас жүлдені иеленді.

 

     Қыркүйек айының 27-жұлдызында Қазақстанның халық әртісі Торғын Тасыбекованың «Сахнада 50 жыл» атты шығармашылық кеші де өнер сахнасында өте жоғары деңгейде өтті. Жетпістің желкенін керген сахна майталманының салтанатты кешін актер Тұңғышбай Жаманқұлов жүргізді. Қазақ өнерінің қара шаңырағында өнері де, өмірі де өнегеге толы Торғын апамыз табан аудармай 50 жыл қызмет етіп келеді. Сахнадағы жарты ғасырлық ғұмырында Торғын Тасыбекова небір сұлулардың бейнесін нәшіне келтіре сомдады. Ол — еңбегін елі бағалаған атақты актриса ғана емес, өнегелі ұрпақ өрбіткен аяулы ана, Әшекеңдей (Әшірәлі Кенжеев) дарабоз тұлғаның түтінін түтеткен сүйікті жар, талай ұрпақты өнер нәрімен сусындырған тәлімгер ұстаз, дубляж жасау өнерінің майталманы әрі әнші. Сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі өзінің 70 жасқа толған мерейтойында ән айтып, өлең оқып, әрбір рөлінен үзінділер орындап, қарттыққа бой алдырмағанын тағы бір дәлелдегендей болды. Әрбір ісі ширақ, сыңғырлаған нәзік үн иесін көргенде 70-те емес, 40 жастағы келіншек пе дерсің... Бұл тұрғыда актрисаның үзеңгілес әріптестерінен артық ешкім дөп басып теңеу айта алмас. Әйгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың Торғын Тасыбекованың өнері мен өміріне арнап берген мына бағасынан-ақ көп нәрсені ұғуға болады: — Торғын Тасыбековаға Қазақстанның халық әртісі деген атақ тегін берілмеген. Мен Торғынды қазақ сахна өнерінің қылқобызы деп есептеймін.

 

    Төгілтіп сөйлегендегі күмістей сыңғырлаған әсем дауысы, сахналық сүйкімділігі жағынан кезінде Торғынның алдына түскен актриса кемде-кем болды. Сүйкімділік деген — Торғын Тасыбековаға Құдайдың берген құты іспеттес. Ол сахнаға шыққанда-ақ нұрланып, құлпырып сала береді. Әсіресе, қазақы ерекшелігімен көрінетін жеңгелер мен келіншектерді ойнағанда өзінің нағыз болмысымен ашылады. Оған таққан шашбау да, шолпы да, саусақтарына салған сақина-жүзіктері де — бәрі-бәрі ұлттық ерекшеліктерімізді айшықтай түсіп, өз рөлдерімен қоса ойнап шығады. Сәукеле, кимешек кисе де, қазақтың кіршіксіз мөлдір қыз-келіншектері осы деп көрсетуге лайық жүзі, өңі болды. Қазір де өзінің жасына, жүріп өткен жолдарына қарамай өте жақсы көрінеді. Сахналық кейіпті жоғалтпау, сахналық рең-ажардан айырылмау — бұл актрисалардың бірінші міндеті. Өйткені ол үнемі ел алдында жүреді, сондықтан өзін жақсы бапта ұстауы — жазылмаған заңдылық деуге болады. Көргені көп, естігені мол. Кешегі корифейлеріміз Қаллеки, Шәкен Айманов, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Бикен Рымова, Шолпан Жандарбекова сынды апаларымызды көріп, солардан үлгі алған. Олардың жақсы жақтарын қабылдай білген. Әрбір үйреткен тәрбие-тәлімін тек теориялық түрде ұғынып қана қоймай, іс жүзінде сахнада қолдана білген жан-жақты талант деп қараймын.

 

   Әне, міне, өздеріңіз куә болып отырғандай, әлі де болса ширақ. Ендеше, рөлі табылып жатса, әлі де талай бейнелерді сомдауға зерек те дайын деп есептеймін. Асыра айтқандық емес, театр сыншысының шебер актрисаға берген бұл бағасын сол залда мерейтойды тамашалаған бүкіл көрермен бір ауыздан құптағандай болды. Халқымыздың сүйікті қызы, атақты актрисаның мерейтойымен құттықтап Елбасы жеделхат жолдаса, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Асқар Бөрібаев мерейтойға Астанадан министрдің марапат қағазын арнайы алып келіпті. Алматы қалалық мәдениет басқармасының өкілдері және басқа да айтулы тұлғалар мерейтой кешіне арнайы келіп, өз лебіздерін білдіріп жатты. Сол күні таңертең шаһарымыздың әкімі Ахметжан Есімов актрисаны өз қабылдауына шақырып, мерейтой құрметіне екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Бұл да болса, еліміз алақанына салып баптаған өнерпазға көрсетілген лайықты құрмет екені даусыз. 

 

    Ел болып актрисаның мерейтойын тойлап болысымен-ақ, өнерсүйер қауымға дамылсыз қызмет еткен киелі шаңыраққа Маңғыстау театры гастрольдік сапармен келді. Мұхтар Әуезов сынды даңқты тұлғаның есімін алған қасиетті қара шаңырақтың табалдырығын имене аттаған Ақтау драма театры да — бәйгенің алдын бермейтін іргелі өнер ошақтарының бірі. Осы тұста Маңғыстау театрының тарихына үңіле кеткеннің артықтығы болмас. Маңғыстау жұртшылығын тамаша өнер туындыларымен сусындатып жүрген Ақтау драма театры небәрі 3 жастан жаңа асқанына қарамастан, аз ғана уақыт аралығында бірқанша мәртебелі аламан бәйгелердің биік жүлделеріне лайық өнерімен танылып үлгерді. Мәселен, өздері өмірге келген жылдың мамыр айында-ақ Наталья Сацтың 100 жылдық мерейтойына орай Алматы қаласында өткен Республикалық театр фестивалінде «Ең үздік классика» және «Тұсаукесер» номинациялары бойынша қос жүлдеге ие болды. Сол жылдың қараша айында ЮНЕСКО көлемінде өткен Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойында, Орал қаласында Бақыт Беделханұлының «Махамбет» спектаклімен қатысып, «Үздік режиссерлік ізденісі үшін» номинациясы бойынша жүлдемен марапатталды.

 

    Ал 2004 жылдың қараша айында Астана қаласында өткен Халықаралық «Шабыт» фестивалінде режиссер Гүлсина Мерғалиева мен қоюшы-суретші Гүлнар Қанафинаның сахналауымен, Абайдың 38-қара сөзінің желісімен қойылған «38 немесе Қарақұрт» атты спектаклі Гран-при бас жүлдесін жеңіп алды. Айта берсе, жас ұжымның мұндай шығармашылық табыстары аз емес. 2004 жылдың қорытындысында театрдың бас режиссері Гүлсина Мерғалиева тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты атанды. 2005 жылы Қызылорда қаласында Құрманбек Жандарбеков пен Қанабек Байсейітовтердің 100 жылдық толу құрметіне ұйымдастырылған Республикалық театрлар фестивалінде ақтаулықтардың жоғарыдағы «38 немесе Қарақұрт» спектаклі «Шығармашылық жаңа ізденісі үшін» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, арнайы дипломмен марапатталды. Жас театрдың репертуарына келсек, қазіргі уақытқа дейін оның қоржынында 16 спектакль бар. Бұл — аз олжа емес. Мұның ішінде отандық қаламгерлеріміздің түрлі жанрдағы драмалық туындыларынан бастап, отандық және дүниежүзілік классиктердің, атап айтқанда: Шекспир, Әуезов, Чехов, Мүсірепов, Мрожек, Мольер сынды ірі тұлғалардың шығармалары бар. Ақтау сынды әсем қаланың маңдайына басқан жалғыз сахна шаңырағы болғандықтан, бұл ұжым репертуарында орыс тіліндегі, сондай-ақ балаларға арналған ертегі желісіне құрылған бірнеше қойылымдар тағы бар.

 

   Өрімдей жас өнерпаздардың өмір мен өнер арасындағы ізденіс-талпыныстары мен арман-тілектерін қанағаттандырып, жас таланттардың танылуына жағдай жасап отырған театр ұжымының басшысы Нұрнияз Мұқановтың да бұл жолда аз еңбектенбегені айтпаса да түсінікті. Театр ұжымы ару Алматыға келген осы гастрольдік сапарында қоржынына 6 спектакль сала келген екен. 

 

   Ұзамай-ақ өнерсүйер қауым асыға күткен Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры өзінің кезекті 83-маусымының ашылу салтанатын 2008 жылдың 10 қазанында бастады. Маусым дәстүр бойынша Мұхтар Әуезовтің шығармасы негізінде қойылған «Айман-Шолпан» спектаклімен ашылды. Театр сахнасы 16, 18 қазанда жазушы-ғалым Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» атты драмасы бойынша қойылған спектакль премьерасымен өз көрермендерін қарсы алды. Адамгершілік пен имандылық тұрғысында өрбитін қойылымның қоюшы-режиссерлері — Есмұхан Обаев пен Төлеубек Аралбай.

 

   Алдағы уақытта талай биік белестерді бағындырмақ ниеттегі театр ұжымы осы маусымда көрерменге тағы бірнеше жаңа туындысын ұсынбақшы. Олар: Тұрлыбек Мамасейітовтің «Бәкей қыз» (режиссері Әубәкір Рахимов), Қалтай Мұхамеджановтың «Көктөбедегі кездесу», Исраил Сапарбайдың «Мәжнүн» және Үzeyir Hacıbəyov-тың «Аршин мал алан» спектакльдері. Бүгінгі таңда театр репертуарының негізгі өзегін классикалық дүниелер құрайды деуге болады.

 

   Театрда М. Әуезовтің туындылары түгелдей дерлік қойылып келеді. «Қарагөз» қойылымының соңғы үлгісі осыдан бірер жыл бұрын сахналанса, енді «Абай» қойылымын осы маусымда, яғни 2009 жылдың ақпан айында сахналау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Қобыланды» қойылымы 2010 жылы, «Еңлік-Кебек» пен Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқтысы» 2011 жылдары сахналанады деп күтілуде.

 

   Классика қашанда іргетас әрі тіл ұстартудың биік үлгісі, бүгінгі таңда тіл мәйегін сіңіремін деген жас ұрпаққа таптырмас мектеп. Бұл туындылар жұртшылыққа жаңаша көзқарас сыйласа, актерлерге жаңаша ізденіс туғызатындығы күмәнсіз. Ал Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театр сахнасынан қол үзбей, әрбір жаңа толағай туындыны бағалап, ой қорыту — тек сіздердің үлестеріңізде, патша көңіл көрермен!

 

     Жазира АМАНТАЙҚЫЗЫ

     2008 жыл

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться