Өнер

Автор: ADMIN

Өнер 2026-06-12 20:23:00

Біз әлеуметтік желілерде:

Өнерлі өрге жүзеді

news single

   Біздің әңгімемізге өзек болып отырған әнші — Гүлнар Сиқымбаева. Оның әншілік өнерді таңдап алуы кездейсоқтық емес. Ол көптеген өнер шеберлері сияқты жастайынан әнқұмар болып өскен. Келе-келе қызығы мен қиындығы мол ауыр жолды таңдай тұрып, Күләш, Роза, Бибігүлдердей болуды армандайды. 1981 жылы Алматыдағы эстрада училищесіне атақты әнші Қаукен Кенжетаевтың класына оқуға түскен жас талапкер 1985 жылы оны бітіріп шығады. Ән-би ансамблінің белгілі шеберлерімен қатар жүріп, сахна сырына қаныға түседі. Білім мен талантты ұштастыра білген жас әнші бірте-бірте жұртшылық ілтипатына да бөлене бастайды. Гүлнардың айтуынша, өзі табиғи талантқа табынады. Өйткені әннің өміршеңдігі оның ұлттық қасиеті мен орындаушының шеберлігі арасындағы үйлесіммен өлшенетінін ол жақсы біледі. Жақсы дүниені өмірге әкелу бар да, оны тыңдаушыға жеткізе білу бар. Осы орайда «Әннің бағы орындаушыға байланысты» деген қанатты сөзге көз жеткізгендей боласың.

 

   Гүлнар Сиқымбаева ең алғаш жұртшылыққа «Тамаша» ойын-сауық отауы арқылы танымал болған еді. Теледидар арқылы көрсетілген хабарда жас әнші Марат Ілиясовтың «Мен саған өкпелемеймін» және Сейітқайыр Қайырғалиевтың «Махаббат назы» атты әндерін орындау арқылы үлкен өнердегі тұсауын кескен болатын. Гүлнардың орындауындағы жаңа әндер қай кезде де республика тыңдаушыларының құрметіне бөленді. Ол өзінің өнерге келу жолы жайлы былайша сыр шертеді: — Әр адамның өнерге келу жолы әртүрлі болады ғой. Менің бойыма өнер ана сүтімен дарыған десем де болады. Сол кісінің әнін бала күнімнен құлағыма құйып өстім. Мектепте жүргенде хорға қатысушы едім. Бірақ болашақта әнші боламын деп ойлаған емеспін. Кішкентай кезімде Жамал Омарованың орындауындағы «Менің Қазақстаным», «Ұстазым» әндерін тыңдап өстім. Ал әкем қазақ тілі пәнінің мұғалімі болуымды қалаушы еді. Бірде «Алматыдағы эстрадалық студияға оқушылар қабылдайды» деген хабарламаны газет бетінен көріп қалдым. Сонымен Шымкенттен Алматыға жол тарттым. Онда белгілі әнші, марқұм Қаукен Кенжетаевтың класынан дәріс алдым.

 

 

   Ол кісі бар білгенін үйретті. Алғаш оқуға келгенде менің дауысым жуан болатын. Қаукен аға жонып-жонып, өзімнің нағыз дауысымды шығарып алды. Ол кісіге деген алғысым шексіз. Студияны бітірген соң Шымкенттегі филармонияда екі жыл жұмыс істедім, кейін «Гүлдер» ансамбліне шақырылдым. Алғашқы әншілік өнерімді Марат Ілиясовтың «Мен саған өкпелемеймін», «Арманға бірге барайық» сияқты әндерінен бастадым. Кейін Кеңес Дүйсекеев, Төлеген Мұхамеджанов сияқты сазгерлердің әндерін орындадым. Болашақта халық әндеріне ден қойсам деген ойым бар. Қай қазақтың баласы Күләш, Бибігүл, Ермектей әнші болуды армандамайды дейсіз? Мен де жастайымнан осы апаларым мен ағаларымның әндеріне ғашық болып өстім. Олардың орындауындағы халық әндерін сүйіп тыңдайтын едім. Әкем мен мектепке бармай тұрған кезімде баян әкеліп берді. Әнші болуыма әке-шешемнің қолтығымнан сүйеп, демеу болғаны үлкен әсер етті. Сол балалық қиялым бүгінде шындыққа айналып, біршама жетістіктерге жетсем де, әлі күнге халық үшін айтарлықтай ештеңе тындырмаған сияқты болып тұрамын. Гүлнар Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданында дүниеге келген. Өмірі жайлы сыр шерткенде анасын еске ала отырып, ол кісінің өнегелі істерін мақтанышпен айтады.

 

   Алты баланың қызығын толық көре алмай ерте көз жұмған анаға деген сағыныш та Гүлнарды өнер жолына жетелеген сияқты. Оқу уақытында ол Қаукен ағаның ән салу мәдениеті мен сырбаздығынан мол тағылым алды. Өзі де талғампаз халықтың сенімін ақтасам деген ізденістен талмайтын.

 

   Кейін «Гүлдер» эстрадалық ансамблінде әншілік өнерін одан әрі жалғастырып жүргенде гастрольдік сапармен барған Мәскеу, Ленинград, Вильнюс, Рига жұртшылығын әнімен ризашылыққа бөлеп, сол елдердің өнерпаздарымен тәжірибе алмасады. Өнердің қай саласы болмасын көңіл түкпіріндегі нәзік қыл пернелерін дөп басып, жан дүниені шымырлатып, бойыңа еркін еніп жатса қандай ғанибет! 

 

   Кешқұрым күнделікті тіршілік күйбеңінен арылып, дем алып отырғанда радиодан немесе көгілдір экраннан жақсы әндер естігенде адам бір жасап қалады. Сондай сәттерде сазды әнімен жаныңды жадырататын әншілерге риза болмасқа амалың жоқ. Әнші мерейі тек атақ, даңқпен өлшенбесе керек. Ең бастысы — өз тыңдаушыларын тауып, туған елі мен жерінің аяулысына айналуы. Бұл жағынан келгенде, Гүлнардың жолы болды деп нық сеніммен айта аламыз.

 

     Жеңіс Ақпанбет

 

     2009 жыл

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться