Өнер

Автор: ADMIN

Өнер 2026-06-12 20:36:00

Біз әлеуметтік желілерде:

С а х н а с а ң л а ғ ы

news single

     Оймен оңаша қалған ол терезеден көгілдір көк жиекке көз жіберіп, тапжылмай ұзақ отырды. Тыстағы тылсым табиғаттың тұтас тұлғасы қилы-қилы құбылыстармен тізбектеліп қиялын шарықтата түскендей. Қараған сайын құмары қанбайды. Тебірене түседі. Таң алдында манаурай мұнартып жатқан Алатаудың өркеш-өркеш шың құздары қыз қолымен келістіре жинаған жиһаз тәрізді. Сұлулық сырын, әсемдік нәрін айрықша сағалаған жан сезімін таң самалы желпіп өткендей. Көкейіне оралған бір әдемі әуенді баяу сызылтып, орнынан қалай тұрғанын өзі де сезбей қалды. Арман деген адамды сан тарау жолдарға жетелеп үнемі алға шақырады ғой. Кішкентай кезінде ұстаз болсам деп ойлайтын. Кейін бұл арманы өзгеріп, актриса болуды армандады. Содан бері қанша уақыт өтті. Жылдар жылжыды. Роза арманына жеткендей болды. Құдай берген таланттың нұр шапағымен сахнада жарқырай ашылған көктемнің дала гүліндей құлпыра түсті.

 

    Мұндай сәт көңіліңдегі рольдерді орындау үстінде ғана тумақ. Ондай кезде сенім деген үлкен күшке ие болады, бойындағы шығармашылық күшін сезіне түседі. Шеберліктің қиын жолына бет алды. Өнердің ләззат шырынын татты. Роза Әшірбекова 1960 жылы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының қасындағы актерлар даярлайтын студияны бітіріп, сол жылы күзде Балалар мен жасөспірімдер театрына орыналасқан болатын. Роза театрға келген алғашқы екі жыл ішінде сахнада өзін еркін ұстай алмай жүретін. Шахмет Хұсайыновтың «Рабиға» драмасындағы Рабиға және Қалижан Бекхожиннің «Егер жүрек шын болса» пьесасындағы Жаннаның рольдері жас актрисаның сахнадағы алғашқы қадамдары еді. Осы рольдер Розаны бірте-бірте еркіндікке үйрете бастады.

 

    Ал Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» пьесасындағы Бәтес бейнесін сомдауы – өнердегі елеулі табыстарының бірі болды. Нағыз шабытқа Роза «Қаракөз қарындасым» спектакліне дайындық үстінде кезіккендей еді. Пьеса Жекен Жұмақанов пен Бәкір Тәжібаевтың бірігіп жазған шығармаларында соғыс жылдарында болған қайғылы күндерден сыр шертеді. ...Гүрс етіп атылған мылтық даусынан қарт ана талып түсті. Есі шыққан үрейлі шал тұр. Оларды осылай қорқытып арқаларындағы заттарын тартып алған неміс әскерлері тонаушылықты бастады. Шал келіп кемпірдің басын сүйеді. Өртенген үйдің ішінен шырылдаған баланың даусын естисің. Сол сәтте қаракөз қазақ қызы литвандық бауырларына кездесті. Бұл алапат соғыстың бір көрінісі. Сол сұрапыл соғыстан аман қалған қыз бойжеткен. Енді өзінің туған ата-анасының елін аңсайды. Қайда олар? Аласұрып іздейді.

 

   Жүрек сыздатқан сағыныш дерті бір сәт жүйкеңді босатпай қоймайды. «Жұдырықтай жүрек, шіркін, үрей үшін жаралған ба, әу баста» деген Қасым сөзінде терең мағыналы «туған ел» әнінің сазы бар. Ана бейнесіндегі актриса сахнада болып жатқан көріністердің бәріне де араласып, жүрекпен сезініп, ой түйіп отырады. Мұны шеберлік жолына жетудің жақсы нышаны деп білеміз. Осы көрермен сүйіспеншілігіне бөленген бақытты шаққа ол бірден жете салған жоқ. Оның шеберлігінің арта түсуіне сахнадағы сол кездегі әріптес апалары Әмина Өмірзақова, Сәлима Саттарова сияқты белгілі өнерпаздар көп көмек көрсетті. \

 

   Расул Ғамзатовтың «Тау қызы» пьесасындағы бас кейіпкер Әсияның ролін Роза орындады. Туысқан республикалар арасындағы шығармашылық байланыс барысында басқа халықтардың көркемөнер мәдениетімен жұртшылықты таныстырып, қарым-қатынас жасауда жастар театры көп еңбек етті. Шыңғыс Айтматовтың «Арманым Әселім», «Жәмила», «Бетпе-бет» сияқты спектакльдері Роза Әшірбекованың өсу жолындағы белестер десе болғандай.

 

    Біз Розаны шығармашылық жолы жайындағы әңгімеге тартқанымызда ол былайша сыр шертті. 1960 жылы студияны бітіргеннен кейін мені жастар театрына жіберді. Алғашқы театрдың есгін ашқаннан бастап бірден сол ұжымға өз адамдарындай болып кіріп кеттім. Көп жастарға алғашқыда басты рольдер беріле бермейді. Мен актерлікті Шахмет Хұсайыновтың «Рабиға» пьесасынан бастадым. Театр студиясынан актерлар тек теориялық білім алып шығады да, театр сахнасында шыңдалады ғой.

 

  Алғашқы рольдерімде қатты қобалжыдым. Шаршамайсың да, ұйқың да келмейді. Шахаңның көлемі жүз беттік пьесасының елу беті Рабиғаның монологы болатын. Соны бір жетінің ішінде жаттап, маусымның ашылуына орай ойнап шықтым. Театрда келгенде Әмина Өмірзақова апай қолымнан жетелеп, мынадай кезде былай істеу керек деп үйретуден жалықпады. Әмина Өмірзақова, Сәлима Саттароваларды мен «мама» дейтінмін. 

 

   Осы екі апай мен Байділдә Қалтаев ағалардың үлкен өнегелері театрға деген сүйіспеншілігімді одан әрі арттырды. Менің барлық ролдерімнің жақсы шығуына себепкер сол кісілер. Сол кісілермен партнер болып режиссерді тыңдайсың. Сахнада сол кісілердің шынайы айтқан сөздері үлкен әсер берді. - Реке, соңғы кездері ойнаған рольдеріңізге тоқтала кетсеңіз? - Театрдағы менің есімнен кетпейтін рольдердің бірі Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» спектакліндегі Бәтестің бейнесі. Бәтес сияқты менің де ер мінездерім бар. Сол роль менің мінезіме сәйкес келді. Содан кейінісі – «Қаракөз қарындасым».

 

   1962 жылы Мәскеуге он күндік гастрольдік сапармен бардық. Оған біз Шыңғыс Айтматовтың «Арманым Әселім» спектаклін алып бардық. Балалар мен жасөспірімдердің 43 театры барған екен. Сол 43 театрдың ішінен бесеуі ғана ерекшеленді. Соның бірі біздің театр. Марқұм Мәриям Жақсымбетова Әселді ойнады. Мен диспечер Қадишаны ойнадым. Чапай Зұлқашев Ілиясты ойнады. Спектакль өте жоғары деңгейде бағаланып, сыншылар жақсы пікірлерін айтты. Москвадан оралғаннан кейін мені атаққа ұсыныпты. Оны алғаннан кейін бір-ақ білдім. Осылай жасым отызға жетпеген шақта Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атағын алдым. 

 

   Сол жылдары біздің театр үлкен-үлкен спектакльдер қойды. Солардың бірі Төлен Әбдіковтың «Біз үшеу едік» спектаклі. Мұнда үш-ақ адам ойнайды. Сахнаны сонда бір жарым сағат бойы үш-ақ адам ұстап тұрамыз. Онда кәзіргі біздің заманға сәйкес шындық ашық айтылады. Екі жігіт пен Дариға университетте бірге оқиды. Екеуі Дариғаға ғашық. Алайда Дариға Өмірбекке қосылады. Ал Мұрат Дариғаны сүйетінін өмір бойы ішінде сақтайды. Бұл сыр спектакльдің соңында бір-ақ ашылады. Солардың 40-45 жастағы кездерін бейнелейміз. Дариға өмірінде бір-ақ рет қателеседі. Сол қателігінен күйеуі қыз екеуін тастап кетеді. Дариғаның басына қиындық түсіп, көше сыпырушының халіне жетеді. Қызын асырау үшін көше сыпырып жүрген жерінен барлық қиындыққа қарсы тұрып, ақыр аяғында кандидаттық диссертация қорғайтын дәрежеге жетеді. Бұл сондай өжет қазақ қызының образы еді. Островскидің «Адам аласы ішінде» спектаклінде Клеопатра Львовнаны ойнадым. Бұл спектакль туралы да сыншылар жақсы пікір білдірді. Содан кейінгі көпшіліктің көңілінен шыққан спектакль –Чеховтың «Шағаласында» Аркадиеваны ойнадым. Бұл спектакль сол кездегі театрға үлкен табыс алып келді.

 

   Орыс классикасы қиын ғой. Оны қою кез келген театрдың оң жамбасына келе бермейді, кез келген актердың да қолынан келе бермейді. Содан кейінгі ойнағаным Шерхан Мұртазаның «Жетім бұрышы». Мұнда мен Мартудың ролін ойнаймын. Осы бір төрт-бес адам ойнайтын спектакльде бүгінгі күннің маңызды мәселесі көтеріледі. Онда тек баспана мәселесінен бөлек бүгінгі күннің келеңсіз жайттары да бейнеленеді.

 

   Мұндай спектакль қазақ сахнасында бұрын шықпаған. Адамның екі иығында екі періште бар, бірі жақсылықты, екіншісі жаманшылықты жазып отырады деп айтылады ғой. Мен ойнаған рольдегі Марту да адам баласына жақсылық ойлаудың не екенін білмейтін – жалмауыз періште. Міне, театр сахнасында осындай тұшымды бейнелерді сомдаған Роза Әшірбекова да жетпісті алқымдады.

 

   Халқыңызды қуанта беріңіз, халық әртісі!

 

   Жеңіс Ақпанбет

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться