Жаңалықтар

Автор: ADMIN

Жаңалықтар 2026-06-24 17:27:00

Біз әлеуметтік желілерде:

Алматы колледждерінде 10 жаңа мамандық ашылады

news single

   Алматыда еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау мақсатында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жаңғыртылып жатыр. Биыл қала колледждеріне мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 17 491 орын бөлінді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев мәлімдеді.

 

   2026 жылы сұранысқа ие жаңа мамандықтар тізімі кеңейтіледі. Атап айтқанда, жылжымайтын мүлікті басқару, медициналық-профилактикалық іс, эстетикалық косметология, өрт қауіпсіздігі, мехатроника, графикалық анимация технигі, экологиялық туризм менеджері және жаңартылатын энергетика бағыттары бойынша мамандар даярлау жоспарланып отыр.

 

  Қала колледждерінде дуалды оқыту жүйесіне ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда 52 колледж 770 кәсіпорынмен бірлесіп жұмыс істеп, 22 067 келісімшарт жасаған. 

 

  «Бүгінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын студенттердің 43%-ы дуалды оқыту жүйесімен білім алып жатыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 38% болған», – деді Сәкен Аралбаев. Инклюзивті білім беру бағыты да дамып келеді. Биыл Алматыдағы үш колледжде мүмкіндігі шектеулі 351 студент білім алуда.

 

   Оның 161-і инклюзивті топтарда, ал 190-ы арнайы топтарда оқып жатыр. Сонымен қатар, биыл тағы екі колледж инклюзивті білім беру бағдарламасы бойынша талапкерлер қабылдай бастайды.

 

   Алматылық колледждер халықаралық ынтымақтастықты да кеңейтіп келеді. Халықаралық тағылымдама бағдарламалары аясында 110 студент Қытайда, 89 студент Түркияда білім алып, тағы 20 студент Германия кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өткен.

 

  Білім басқармасының мәліметінше, бұл жұмыстардың барлығы заманауи білім беру тәсілдерін енгізіп, еңбек нарығына бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған.

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться