"Шалқар" газетіне 50 жыл!

Автор: ADMIN

"Шалқар" газетіне 50 жыл! 2026-07-03 03:57:00

Біз әлеуметтік желілерде:

Өмірдің майын тамызған «Халық ауыз әдебиеті»

news single

    Жарық дүниеден өткеніне бір жыл толған, есімі елге сыйлы, әулеттің алтын діңгегі болған аяулы енем, екінші анам Күлиза Шүлембайқызын сағынышпен еске аламын.

 

 

   Өмірдің майын тамызған «Халық ауыз әдебиеті»

 

     

 

 

  Мен бұл үлкен, өнегелі шаңыраққа алты ұлдың ішіндегі ең соңғы келін болып түстім. Жолдасым Алтай Мәскеуде білім қуып жүріп, өзінен кейінгі інілерінің үйленуіне рұқсат берген екен. Осылайша, 1995 жылы Алматының ең салтанатты залында біздің тойымыз өткенде, енеммен алғаш рет жүз көрісіп, таныстым. Бәрі ол кісіні «мама» дейтін, мен де сол күннен бастап «мама» деп кеттім. Тойдан кейін мамамыз кішкентай бұйрабас Елдос қайныммен бірге біздің жанымызда бір-екі ай тұрды. Біз жұмысқа кеткенде үй шаруасына қарасып, дәмді тамағын әзірлеп, бізді жылылықпен күтіп алатын. Кешкісін шай үстінде өзінің жастық шағын, келін болып түскен кездерін әңгімелеп беретін.

 

 

   Баянауылдың тумасы, орысша тәрбиеленіп, қазақша білмей өскен мамамыз хат арқылы батыстың ең қазақы ауылының жігітімен - атамызбен танысып, соңынан келін болып түседі. Ауылдастары алғашында «орыс келін» атаса да, намысшыл анамыз бір-екі жылда қазақ тілін судай сапырып, тіпті ауыл келіндерінен асып түседі. Мамамыз жас күнінде ауылдың сәні, құрбы-құрдастарының алды болғанын мақтанышпен айтатын. «Сыр сұлуы» деген атпен танылған топ, ән салып, би билеп, думанды кештердің көркі болған екен. Сол бір көңілді сәттерді айтқанда, жүзінен отты жастық шақтың ұшқыны байқалатын. Мамама қарап отырып «әйел адам қаншалықты нәзік болса, соншалықты мықты болады екен-ау» деп таңғалатынмын. Өнерді де ардақтаған, қаралы тағдырды да жеңе білген, 12 баланы тәрбиелеп өсірген мамамыздың әрбір сөзі - мен үшін өмірлік сабақ еді. Әңгіменің майын тамызып, шешен сөйлейтіндіктен, қайнылары ол кісіні еркелетіп «Халық ауыз әдебиеті» деп атап кеткен екен.

 

  13 баланы қанаттандырған қаһарман ана

 

   

 

   Мамамыз бен атамыз жастар жолдамасымен Балқаш қаласында еңбек етті. Жолдасының туған жеріне деген сағынышын ұққан анамыз елге қайтуға үгіттеп, отбасы Ырғызға көшіп келеді. Атамыз мектеп директоры, мамамыз балабақшада қызмет етіп, екеуі ауылдың абыройлы жандарына айналды. Анамыз белсенді коммунист, бірнеше мәрте аудандық, ауылдық кеңестің депутаты болып сайланды. Ол кісі 13 баланы дүниеге әкелді. Әр баланың болашағы үшін жан аямай, оларды Ақтөбе, Алматы, Қызылорда, тіпті Ресейдің Мәскеу қаласына дейін өз қолымен жетектеп апарып, оқуға түсірді. Бүгінде әулеттен шыққан қаржыгер, мұғалім, агроном, бухгалтер, дәрігер, экономистер - осы анамыздың көрегендігі мен қажырлы еңбегінің жемісі. 1979 жылы атамыз жүрек дертінен ерте бақилық болғанда, мамамыз небәрі 43 жаста, ең кішісі бір жасқа да толмаған шиеттей балалармен жалғыз қалады. Бірақ езіліп отыруға уақыты болмады, қайраттанып, бар баласын қатардан кем қылмай өсіреді. «Мектеп директорының балалары бәріне үлгі болуы керек» деген әке талабын көрген жолдасым Алтай Мәскеудегі Басқару институтын бітіріп, Алматыда Салық басқармасында қызмет етіп жүргенде екеуіміз танысып, отау құрдық. Мен өзім халықаралық «Шалқар» газетінде журналист болып қызмет ететінмін. Біздің тойымыз Алматы зиялыларының, жазушылар мен ғалымдар Үмбетбай Уайдин, Уақап Қыдырханов, Жамал Сұлтанбекова, Байдәулет Өтепов, Ғалым Тыныбаев сынды зиялы қауым бастаған, Мәскеу мен Алматы институттарының түлектері қатысқан, жоғары деңгейдегі үлкен рухани кеш сияқты өтті. Бұл да мамамыздың елшілдігі мен кеңдігінің белгісі еді. «Қос торының» бірі еді... Алматыға жиі келетін анамыз қыс айларын біздің үйде өткізетін. Көпшіл, таза, өзіндік темірдей тәртібі бар жан еді. Таңертең тұрып дене жаттығуларын жасайтын, кешкі сағат 11-де уақытымен ұйықтайтын. Ең басты қасиеті - ешқашан адам баласын жамандамайтын, сыртынан ғайбат айтпайтын. Келіндеріне тікелей ескерту жасамай-ақ, өзінің ісімен, қарапайымдылығымен үлгі көрсететін. Алматыда менің туған анам да жиі болатын. Екі анамызды бірге «Аққайың», «Көктем», «Бурабай», «Алтын Қарғалы» санаторийлеріне демалуға жіберетінбіз. Екеуі қолтықтасып, бірге ән салып, сахнаға да шығатын. Замандастары оларды егіз қозыдай көріп, «Қос торы» деп атап кеткен еді. Шіркін, сол бір шуақты күндер-ай...

 

 

    2019 жылы менің анам аяқ астынан өмірден өткен соң, мамамыздың да денсаулығы сыр беріп, Алматыға келуі сиреді. Әлемді бағындырған өнерлі, спортшы ұрпақтар Атамыз көрмеген қызық пен қуаныштарды мамамыз көрді. Балаларын жетілдіріп, бейнетінің зейнетін ақтаған анамыз ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, үлкен бір империяның негізін қалады. Бүгінде сол перзенттерінен тараған немере-шөберелері дүниенің түкпір-түкпірінде көк байрағымызды желбіретіп, қазақтың атын шығарып жүр. Мәскеуде тұратын Нұргүл қызы мен Мырзалының перзенттері - Замира, Әмина және Элиза Мәскеуді бағындырған нағыз өнерлі де талантты, спортшы қыздар болып өсті. Бірі суретші, бірі музыкант, бірі көркем гимнастика шебері атанған бұл қыздар өнер мен спорт айдынында қазақтың атын асқақтатып келеді. Ал Қызылорданың дана келіні болған қызы Айнұр мен Арманның тұңғышы Әсел 4 жасынан шахмат ойнап, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы атанды, бүгінде шәкірт тәрбиелеп отырған білікті бапкер. Анамыздың қанымен келген қайсарлық пен батырлық қасиет шөберелеріне де дарыған екен. Үлкен қызы Сәуле тәтеміздің жиен немересі Қуаныш Қайыржанұлы Қазақ күресінен және Асқар ағамыздың жиен немересі Дияр Бақтиярұлы Бокстан Қазақстан чемпиондары атанып, әулеттің мерейін үстем етіп жүр. Немере-шөберелерінің осындай ірі жеңістерін көріп, әр жетістігіне балаша қуанып отыратын анамыздың мейірімді жүзі көз алдымызда.

 

   Мәңгілік сағыныш

 

 

   Мамамыз зейнетақысын алса, немерелеріне үлестіріп беретін өте бауырмал әже болды. Ақтөбе түбіндегі «Қосөстек» ауылындағы қарашаңырақта және қаладағы кенжесі Дәуреннің үйінде кезек тұрып, немерелерін мектепке, балабақшаға жетектеп апарып, әжелік мейірімін төкті. Өткен жылы аяулы мамамыз, екінші анамыз Күлиза Шүлембайқызы де мәңгілік мекеніне аттанды. Артында өшпес өнеге, үлкен бір қауым ел - алтын ұрпақ қалды. Анамыздың жарқын бейнесі, майын тамызып айтатын әдемі әңгімелері мен асыл қасиеттері біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.

 

  Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа, рухыңыз пейіште шалқысын, аяулы Мама!

 

  Құрметпен және сағынышпен, келіні

  Жаңыл Амантайқызы

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться