Салт-дәстүр

Автор: ADMIN

Салт-дәстүр 2026-08-26 14:19:00

Біз әлеуметтік желілерде:

Енші және енші бөлу салты

news single

     Енші — қазақтың арыдан жалғасып келе жатқан, әкенің балаға, яғни үлкен үйдің отауға бөліп, меншігіне беретін мал-мүлкі, жер-суы. Қазақ салтында ұл біреу ғана болса, оған енші бөлудің қажеті жоқ. Ол сол үйдің мал-мүлкі мен жер-суының заңды мұрагері болады және үлкен шаңырақтан отау көтеріп бөлініп шықпайды. Ұл бірнешеу болса, үлкендері үйленгеннен кейін ата-ана ұлы мен келініне отау тігіп, бауырына қазан асып, бөлек шығарады.

 

   Ұлдардың бәрі үйленіп біткенде, қара шаңырақта тек кенже ұл қалып, ол қара шаңырақтың заңды иесі атанады. Бөлініп шыққан отауларға мал-мүліктен үлес беріледі, міне, осы үлес енші деп аталады. Ата-ана ұзатылған қызына шамасының жеткенінше жасау дайындайды. Қолында бар адамдар басына отау тігіп, алдына мал салып береді. Қазақта «еншісіз ұл, кәдесіз қыз болмайды» деген сөз осыдан қалған. Қазақтың енші бөлу әдеті оның арғы аталары сақтарда бар екенін Геродот жазса, ғұндар мен үйсіндерде бар екені Қытайдың «Ханнамасында» және «Тарихи жазбаларында» көрсетілген.

 

   Осындай енші беру салты дүниедегі басқа ұлттарда да бар, әсіресе Шығыс пен Солтүстік Азия халықтарында көптеп кездеседі. Қазақ енші бөлгенде, еншіге берілген малға үлкен үйдің бұрынғы малының енінің (таңбасының) түбірі сақталып, оған сол енші алған отау үйдің бағынышты ен белгісі қосылады. Еншіге берілген малға ен саларда, ата-анаға ақ құйылған (сүт тағамы) ыдысты ұлы мен келінінің біреуіне ұстатады да, ен салған малдың құлағынан кесіп алған кесіндіні сол табаққа салады. Ен салынып болған соң, жас отаудағы ерлі-зайыптылар (енші алған ұл мен келін) қол жайып, ата-анадан ықылас-бата сұрайды.

 

   Батаны ата-ана немесе сол ауылдағы қадірлі ақсақалдардың бірі береді. Ол «ақ бата» деп аталады. «Ақ бата алмаса, малы өспейді, байымайды» деп ырымдайды. Енші алған отау үй «қосақ басына салдық» деп, өздерінің бір бағалы нәрсесін үлкен үйге тарту етеді. Соңында енші бөлуге жиналған жұрт отаудан дәм татып тарайды.

 

   Осыдан бастап ұл мен келін «басына үй тігіп, бауырына қазан асты» делінеді. Енші алғаннан кейін отауда бірінші рет сойылған малдың мойын омыртқасы таза мұжылғаннан кейін, сол ауылдағы қадірменді бір адам оны отаудың шаңырағынан сыртқа қарай лақтырып жібереді де, жол-жоралғысын алады.

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться