Қоғам

Автор: ADMIN

Қоғам 2026-10-18 19:25:00

Біз әлеуметтік желілерде:

Алматыда балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бойынша ведомствоаралық отырыс өтті

news single

   Бала - адамзаттың ең мөлдір, ең таза бөлшегі. Әрбір сәбидің алаңсыз күлкісі мен жаутаңдаған жанарында бүкіл қоғамның ертеңгі айнасы тұр. Балалық шақтың бақытты, ал болашақтың бекем болуы - бүгінгі біздің оларға жасаған қамқорлығымыз бен құқықтарын қаншалықты қорғай алғанымызға тікелей байланысты. Алматы қаласындағы Оқушылар сарайында Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының бастамасымен кеңейтілген бірлескен отырыс өтті.

 

 

    Жиынға Алматы қаласы Полиция департаменті, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Білім басқармасы, Психологиялық қолдау орталығы, №1 арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Отбасын қолдау орталығы, сондай-ақ Қоғамдық кеңес мүшелері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптердің алдын алу және Алматы қаласы әкімінің орынбасары бекіткен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының бірыңғай Алгоритмін іске асыру. Бірлескен алгоритм негізінде іске кіріскен мекеме өкілдері жұмыстың тиімділігін арттыру, кедергілерді еңсеріп, ортақ мәмілеге келу мақсатында өзара пікір алмасты. Жиынның басты түйіні - балалардың құқығын қорғау мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ешқандай іркіліс пен түсініспеушілікке орын жоқ. Өйткені әрбір баланың мәселесі - кейінге қалдыруды көтермейтін, дер кезінде шешілуі тиіс кезек күттірмейтін міндет.

 

 

   Жиынды Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Жанат Айтпаева ашып, саладағы негізгі өзгерістер мен жаңашылдықтарға тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы жылдары заңнаманы жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Баланы зорлық-зомбылықтан қорғауға және отбасылық мәселелерді ерте анықтауға бағытталған 10 жаңа заң қабылданып, балалар саясатының барлық бағыттарын біріктіретін 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы бекітілді. Басқарма басшысы саладағы кадрлар санының артуы, қорғаншылық органдарында 5 мың балаға кемінде 1 маманнан бөлінуі, кейс-менеджмент институтының қалыптасуы және 5 министрліктің бұйрығымен бекітілген Бірыңғай алгоритмнің маңызын тілге тиек етті. Бұл алгоритм баланың құқығы бұзылған сәттен бастап оған кешенді көмек көрсетілгенге дейінгі процесті қамтиды, ал Басқарма бұл жұмыстың бірыңғай үйлестірушісі қызметін атқарады. «Басты мақсатымыз - қағаз жүзіндегі есеп емес, бала мен отбасына шынайы әрі уақтылы көмек көрсету.

 

 

   Балалардың қауіпсіздігі – тек бір ведомствоның емес, бүкіл қоғам мен мемлекеттік органдардың ортақ жауапкершілігі. Жаңа алгоритм дағдарыстық жағдайларда жедел ден қоюға және әрбір балаға атаулы көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Біздің басты міндетіміз – салдарымен күресу емес, қауіпті ерте сатыда анықтап, формалды хат алмасудың орнына шынайы, уақтылы әрекет ету», – деп баса айтты Жанат Жеңісбекқызы. Басқосу барысында әр ведомство өзіне жүктелген міндеттердің маңыздылығын саралады. Мәселен, Ювеналды полиция өкілі құқық бұзушылықтың алдын алу мен жедел әрекет ету механизмдеріне тоқталса, Отбасын қолдау орталығының мамандары дағдарысқа ұшыраған отбасыларға психологиялық-әлеуметтік көмек көрсетудің қыр-сырын баяндады. Бала құқығын қорғау - бұл жай ғана заң талабы немесе міндет емес, бұл - өркениетті қоғамның басты адамгершілік парасаты. Әрбір бала зорлық-зомбылықтан ада, сүйіспеншілік пен жылылыққа толы ортада өсуге құқылы. Олардың кішкентай жүрегіне сенім ұялатып, қауіпсіз әлем сыйлау - үлкендердің қасиетті борышы.

 

 

   Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ювеналды полицияның атқаратын ролі ерекше. Алгоритмді іске асырудың алғашқы нәтижелері мен алдағы міндеттерге тоқталған Алматы қаласы ПД ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Жанна Шонжанова өз сөзінде ювеналды полицияның жазалаушы емес, әлеуметтік-құқықтық және психологиялық көмек көрсетуші орган екенін баса айтты. «Алгоритм шеңберіндегі біздің басты міндетіміз - балаларға қатысты кез келген құқық бұзушылықтың немесе қауіп-қатердің алдын алу және оған жедел әрекет ету. Полиция тек жазалаушы орган емес, ең алдымен - қорғаушы. Осы ортақ алгоритмнің арқасында біз басқа ведомстволармен ақпаратты мейлінше жылдам алмасып, қиын жағдайға тап болған балаға дер кезінде құқықтық әрі физикалық қауіпсіздік қамтамасыз ете аламыз. Кедергілерді жойып, бірлесіп жұмыс істеу - баланың амандығының кепілі» - деді ол. Балаға құқықтық қорғаудан бөлек, жылы орта мен психологиялық қолдаудың ауадай қажет екені белгілі. Осы орайда Алматы қаласы Отбасын қолдау орталығының директоры Зарипов Ақмолжан алгоритмнің әлеуметтік маңызына тоқталып, өз пікірін білдірді: «Біздің Орталықтың негізгі миссиясы - баланың психологиялық және әлеуметтік жай-күйін қалпына келтіру, отбасындағы дағдарыстың тереңдеуіне жол бермеу. Ведомствоаралық алгоритм бізге полициямен, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

 

 

   Баланы тек уақытша қорғап қою жеткіліксіз, оған және оның отбасына кешенді психологиялық-әлеуметтік көмек көрсетілуі тиіс. Біздің ортақ мақсатымыз - әрбір баланың өз отбасында аман-есен, жылылықта өсуін қамтамасыз ету», - деді ол. Отырыс барысында Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Рафаэль Гасанов осындай маңызды ведомствоаралық кездесуге қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдерінің арнайы шақырылғанына алғыс білдіріп, балалардың құқықтарын қорғаудағы әрбір мекеменің ерекше орны мен жауапкершілігін атап өтті: «Ведомствоаралық отырысқа қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, ашық пікір алмасуға жағдай жасалғаны үшін алғыс білдіремін. Біз бәріміз ортақ іс атқарып жатырмыз. Балалардың құқықтарын қорғау – баршамызға ортақ міндет, өйткені біздің ең басты құндылығымыз – балаларымыз. Қалада арнайы әрекет ету алгоритмі құрылып, мобильді топтар белсенді жұмыс істеп жатқанымен, жекелеген тетіктерді әлі де жетілдіре түсу қажет. Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі бұл мәселені ұдайы қоғамдық бақылауда ұстайды», – деді ол. Түйткілді мәселелерді шешуде кешенді тәсілдің маңыздылығын Білім беру жүйесі мен Психологиялық қолдау орталығының өкілдері де растады. Олар өз сөзінде мектептердегі психологиялық ахуалды тұрақты бақылап, қауіп-қатер белгілерін ерте анықтауға, балаларға эмоционалдық қолдау көрсету мен бейімделуіне көмектесуге, сондай-ақ қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға баса мән беретіндіктерін жеткізді.

 

 

    Өз кезегінде Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері зардап шеккен балаларға шұғыл медициналық көмек көрсетуді, жедел емдеу шараларын ұйымдастыруды және олардың денсаулығын толық қалпына келтіруді қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды баяндады. Сонымен қатар, «Милосердие» ерікті қоғамдық қорының «Қазақстан – жетімдерсіз» жобасының өкілі Ольга Аринбасарова мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасында қалыптасқан ашықтық принципінің жоғары тиімділігін ерекше атап өтті: «Біздің ұйымның құрылғанына 20 жылға жуықтаса, жобамыздың жүзеге асырылып жатқанына 15 жылдай болды. Сондықтан менде салыстыратын тәжірибе де, негіз де бар. Қоғам белсендісі ретінде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылында соңғы кездері айқын көрініс тауып отырған ашықтық принципінің маңыздылығын атап өткім келеді.

 

    Бүгінгі таңда қала деңгейінде ведомствоаралық ынтымақтастықтың қаншалықты нақты әрі үйлесімді жолға қойылғанына куә болып отырмыз. Балаларға қатысты көптеген өзекті мәселелер дәл осы ашықтықтың арқасында жедел шешімін табуда. Тіпті қазір менің қолымда бейінді басқармалар басшыларының тікелей байланыс телефондары бар», – деді ол. Кездесу барысында балалардың құқықтарын қорғау мен олардың мәселелерін шешуде бюрократиялық кедергілер мен түсініспеушіліктерге жол бермей, кез келген түйткілді дер кезінде әрі барынша тиімді шешу қажеттілігі баса айтылды. Баланы қорғау – елдің болашағын қорғау деген сөз. Егер бүгін біз әрбір баланың құқығының сақталуын қамтамасыз етіп, сапалы білім мен сенімді қорғау сыйласақ, ертең саналы да рухы биік, өрелі ұрпақ тәрбиелейміз. Өйткені бақытты балалық шақ қана жарқын болашақтың берік іргетасы бола алады. Жиын қорытындысы бойынша мекемеаралық ақпарат алмасуды жеделдету және қаланың әрбір ауданында балаларды қорғау тетіктерін нәтижелі жүзеге асыру бойынша нақты шешімдер қабылданды.

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться