Қоғам

Автор: ADMIN

Қоғам 2026-10-30 19:42:00

Біз әлеуметтік желілерде:

"Жүрек жылуы - балаға": Алматыда Қамқоршылар күніне арналған мерекелік шара өтті,- деп хабарлайды "Shalqar.kz".

news single

Алматы Менеджмент Университетінде (AlmaU) Қамқоршылар күніне орай "Жүрек жылуы балаға" атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының бастамасымен өткен жиын қамқоршы отбасылардың еңбегін бағалап, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналды. Бүгінде Алматыда 718 қамқоршы отбасы 921 баланы тәрбиелеп отыр. Мерекелік шараға сол отбасылардың өкілдері, қалалық басқарма қызметкерлері, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиын барысында балалардың тәрбиесі мен әл-ауқатына ерекше үлес қосып жүрген қамқоршы отбасылар марапатталды. Оларға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновтің атынан Алғыс хаттар мен Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының естелік сыйлықтары табысталды. Басқарма басшысы Жанат Айтпаева қамқоршы отбасылардың қоғамдағы орнына тоқталып, бала тәрбиесіндегі мейірім мен отбасы жылуының маңызын атап өтті. "Әрбір бала мейірім мен сүйіспеншілікке толы отбасында өсуге құқылы. Қамқоршы отбасылар тағдырдың қиындығына тап болған балаларға үміт сыйлап, олардың болашағына жол ашады. Бүгінгі шара - бала тағдырына бейжай қарамайтын азаматтарға деген алғысымыз бен құрметіміздің көрінісі. Біз балалардың құқықтарын қорғау және отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз",- деді Жанат Айтпаева. Салтанатты жиынға Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қазақстан балалар үйлері түлектері қауымдастығының президенті Рафаэль Гасанов, "БиС Проект" ЖШС бас директоры, ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі Бекболат Шунгилов, "ECO-QOGAM" қоғамдық қорының директоры Сана Жандай, кәсіпкер Ислам Карагезов, "Түркі халықтарының Алматы мәдениет қоры" өкілі Нуретдин Гекгуль, Алматы қаласы Отбасын қолдау орталығының басшысы Ақмолжан Зарипов және М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бас директорының орынбасары Эльмира Омарова қатысты. Қонақтар қамқоршы отбасыларға ризашылығын білдіріп, балаларды қолдауға бағытталған бастамаларға атсалысуға дайын екендерін жеткізді. Меценат Бекболат Шунгилов балаларға қолдау көрсету мақсатында компания табысының бір бөлігін арнайы қорға аударуға ниетті екенін мәлімдеді. "Екінші деңгейдегі банктер жанынан арнайы қор ашып, осы іске үлес қосқым келеді. Өз компаниямның табысының 10 пайызын балалар қорына тұрақты түрде аударып отыратын боламын",- деді ол. Ал Рафаэль Гасанов қамқоршы отбасыларға алғыс айтып, балалардың жарқын болашағына бағытталған жобаларды қолдауға дайын екенін білдірді. Мерекелік бағдарламаның концерттік бөлігінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова, Бақытжан Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының әншісі Қаламқас Қадырбаева, жас өнерпаздар Әдік Жексенұлы, Інжу Әнуарбек, Ғаламат Бейсеқожа және "Jiger-Janat" дуэті өнер көрсетті. Сондай-ақ "Ықылас" этно-ансамблі ұлттық әуендерден шашу шашты. Кеш соңында балалар мен қамқоршы отбасыларға арналған мерекелік бағдарлама жылы жүздесуге ұласты. Шара қатысушылары балаға отбасылық жылу мен тұрақты қолдау көрсетудің маңызын тағы бір мәрте айқындады. Қамқоршы отбасы - балаға жаңа мүмкіндік пен жарқын болашақ сыйлайтын орта. Осындай отбасылардың еңбегін бағалау - қоғамның ортақ міндеті.

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Басты жаңалықтар

Последние новости

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться