Мир

Автор: ADMIN

Мир 2026-11-15 16:53:00

Біз әлеуметтік желілерде:

Таяу Шығыс қақтығыстары: бейбітшілікке бастар жол бар ма?

news single

Таяу Шығыс - әлемдік саясаттың ең күрделі әрі халықаралық назарды үнемі өзіне аудартып отыратын аймақтарының бірі. Мыңдаған жылдық тарихы, бай мәдени мұрасы мен стратегиялық географиялық орны бұл өңірді халықаралық қатынастар жүйесінде ерекше орынға шығарады. Алайда соңғы онжылдықтарда аймақтың атауы көбіне соғыс, саяси тұрақсыздық, гуманитарлық дағдарыс және босқындар мәселесімен тұспа-тұс келеді. Осы орайда көпшілікті «Таяу Шығыста ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату мүмкін бе?» деген сұрақ толғандырады.

Аймақтағы қақтығыстардың себебі де, тамыры да әртүрлі. Олардың қатарында аумақтық даулар, тарихи қайшылықтар, діни және этносаяси мәселелер, мемлекеттік мүдделердің қарама-қайшылығы мен сыртқы державалардың ықпалы бар. Әсіресе Израиль мен Палестина арасындағы ондаған жылдарға созылған қақтығыс Таяу Шығыстағы тұрақсыздықтың негізгі ошағына айналған. Бұған қоса, Сириядағы ұзақ жылдарға созылған азаматтық соғыс зардаптары, Ливандағы саяси-экономикалық дағдарыс, Йемендегі гуманитарлық апат аймақтың жағдайын одан әрі күрделендіре түсуде.

Қақтығыстардың ең ауыр зардабын қарапайым халық тартуда. Соғыс салдарынан мыңдаған отбасы баспанасынан айырылып, тіпті, бас сауғалауға өзге елге босқын болуға мәжібүр. Әсіресе Газа секторындағы гуманитарлық жағдай халықаралық қоғамдастықтың ерекше назар аудартып, көмек қолын күтеді. БҰҰ-ның 2026 жылғы қыркүйектегі есебінде атысты тоқтату келісіміне қарамастан, зорлық-зомбылықтың жалғасқаны және тұрғындардың қауіпсіздігі мен гуманитарлық көмекке қол жеткізуінде күрделі мәселелер сақталғаны көрсетілген. Дегенмен бейбітшілікке бастар жолды көру қиын. Халықаралық дипломатия, келіссөздер және делдалдық бастамалар қақтығыстарды реттеудің маңызды құралдары болып қала береді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы, сондай-ақ Қатар, Мысыр, Сауд Арабиясы және Түркия секілді мемлекеттер аймақтағы келіссөздер мен бітімге келу үдерістеріне қатысып келеді. БҰҰ Бас хатшысы 2026 жылғы қазанда Каирде сөйлеген сөзінде Израиль мен Палестинаның қатар өмір сүруін көздейтін екі мемлекетті шешім ұзақ мерзімді бейбітшіліктің негізгі жолы екенін атап өтті. Алайда дипломатиялық келісімдердің нәтижелі болуы үшін тек атысты тоқтату жеткіліксіз. Қақтығысқа қатысушы тараптардың халықаралық құқықты құрметтеуі, бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі, гуманитарлық көмектің кедергісіз жеткізілуі және халықтардың заңды құқықтарының сақталуы мен орындалуы маңызды. Сонымен қатар соғыстан зардап шеккен мемлекеттердің экономикасын қалпына келтіру, білім беру жүйесін дамыту және босқындардың қауіпсіз оралуына жағдай жасау қажет.

Таяу Шығыстағы бейбітшілік мәселесі тек аймақ мемлекеттерінің ғана емес, бүкіл әлемнің ортақ жауапкершілігіне айналып отыр. Себебі бұл өңірдегі тұрақсыздық халықаралық саудаға, энергетикалық қауіпсіздікке, көші-қон үдерістеріне және әлемдік экономикаға тікелей әсер етіп келеді.

Таяу Шығыста бейбітшілік орнату - күрделі әрі ұзақ уақытты талап ететін міндет. Бірақ оның мүмкін еместігін айтуға негіз жоқ. Бейбітшілік әскери күшпен емес, өзара сенім, әділетті келісім, халықаралық құқықты сақтау және саяси диалог арқылы қалыптасады. Өйткені аймақ тұрғындары үшін ең басты құндылық - кезекті саяси жеңіс емес, қауіпсіз өмір сүру, балалардың болашағы мен тыныш аспан астындағы тіршілік. Таяу Шығысқа бүгін қарудан гөрі келіссөз, текетірестен гөрі түсіністік, ал соғыстан гөрі тұрақты бейбітшілік қажет.

Автор: Сабралиева Аяулым

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться