"Шалқар" газетіне 50 жыл!

Автор: ADMIN

"Шалқар" газетіне 50 жыл! 2026-05-16 18:58:00

Біз әлеуметтік желілерде:

«ШАЛҚАР» БАСЫЛЫМЫНЫҢ ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ ШЕЖІРЕСІ. ӘЛЕМ ҚАЗАҚТАРЫН ТОҒЫСТЫРҒАН АЛТЫН КӨПІР

news single

   «ШАЛҚАР» БАСЫЛЫМЫНЫҢ ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ ШЕЖІРЕСІ. ӘЛЕМ ҚАЗАҚТАРЫН ТОҒЫСТЫРҒАН АЛТЫН КӨПІР

 

   Биыл отандық баспасөз тарихында орны бөлек, шетелдегі қазақ диаспорасының жоқтаушысы әрі мұңдасы болған атақты «Шалқар» газетінің шыға бастағанына 50 жыл толды. Жарты ғасырлық бай тарихы бар бұл бірегей басылым бүгінде заман талабына сай «Shalqar.kz» интернет-порталы болып қайта түлеп, әлем қазақтарын бір арнаға тоғыстыратын негізгі рухани алаңға айналды. Газеттің іргетасы 1976 жылы желтоқсанда Мәскеудегі «Отан» қоғамының Қазақстандық бөлімшесі атынан «Біздің Отан» деген атаумен қаланған болатын. Басылымның басты миссиясы  - тарихи отанынан жырақтап қалған қандастармен тығыз байланыс орнату еді. Газет негізінен қазақтар ең көп шоғырланған Қытай Халық Республикасындағы бауырларымызға бағытталғандықтан, оларға түсінікті болуы үшін арнайы төте жазумен, яғни араб графикасы негізінде жарық көрді. А3 форматында, 4 бет болып, айына екі рет шыққан басылым әлемнің 30-дан астам еліне 40 мың дана тиражмен таралып, жат елдегі ағайынның сусынын қандырды. Кейіннен, 1990 жылы «Отан» қоғамы «Қазақстан» қоғамы болып қайта құрылған тұста, газет өзінің қазіргі «Шалқар» атауын алып, көлемі кеңейіп, апталық басылымға көшті. Осы іргелі басылымның қалыптасуы мен ыстық-суығына күйіп, әр жылдары тізгінін ұстаған редакторлардың еңбегі  - ұлт баспасөзінің алтын парағы.

    Газетте басшылық еткен жылдары 1976–1986 жылдар аралығын қамтыған тұңғыш редактор, КСРО-ның халық артисі, аңызға айналған опера әншісі Әлібек Дінішевтің туған әкесі Мұса Дінішев болды. Қазақстанның еңбек сіңірген журналисі, Ұлы Отан соғысының ардагері Мұса ағамыз саяси бақылау қатты жүріп тұрған кеңестік кезеңде басылымның төте жазумен тұрақты шығуын және әлемдік жүйеге таралуын жолға қойып, шетелдегі қандастардың атамекенге деген сағынышын жоғары деңгейде жеткізе білді.

  Одан кейін, 1986–1996 жылдар белгілі журналист әрі жазушы, «Құран Кәрімді» Қазақстанда түп нұсқасынан қазақ тіліне алғаш аударған, белгілі публицист Уақап Қыдырханұлы басылым тізгінін ұстады.  Оның жетекшілігі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келіп, цензура құрсауынан шыққан газеттің мазмұнын байытуға, шеттегі қазақ диаспорасының нақты мәселелері мен тарихи отанына оралу, яғни көші-қон тақырыбын алғашқылардың бірі болып ашық көтеруіне жол ашты. Шет елдердегі қазақтармен ынтымақтастық  кеңестің құрылуына, сонау жылдары еріксіз шет ауған ағайындарымыздың ұрпақтарының Отанымызға орала бастауына негізгі себепші болды. Ал тоқсаныншы жылдардың екінші жартысындағы (1996–1998жж) қиын экономикалық кезеңде, газетке белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділғазы Қайырбеков жетекшілік етті. Ұзақ жылдар бойы қазақ әдебиетінің қос алыбы  - Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенін басқарған бұл тұлға «Шалқардың» зиялылық, рухани бағытын күшейтіп, шетелдегі қандас қаламгерлер мен өнер адамдарының туындыларын жиі жариялап, әдеби байланысты жаңа деңгейге көтерді.

Газет 1999–2000 жылдардағы уақытша тоқыраудан кейін, 2000 жылдан бастап бас редактор болып Жаңыл Әпетованың келуімен «Шалқар-2» деген атаумен қайта түледі. Тәжірибелі журналист Жаңыл Әпетова бүгінгі күнге дейін дәстүрлі басылымды үзбей шығарып, 2021 жылы заманауи «Shalqar.kz» интернет-порталына айналдырып, оның екінші тынысын ашты. Бүгінгі таңда да басылым өзінің байырғы бағытынан танбай, шетелдегі қазақ диаспорасының тыныс-тіршілігін, атамекенге қоныс аударған қандастардың жай-күйін, ұлттық әдебиет пен мәдениетті, дін, тарих және этнография тақырыптарын кеңінен қозғап келеді.

     

  «Шалқардың» әрбір редакторы өз заманының жүгін арқалап, Мұса Дінішев іргетасын қаласа, Уақап Қыдырханұлы Тәуелсіздік рухын енгізді, Әділғазы Қайырбеков әдебиетпен әрлесе, Жаңыл Әпетова оны интернет дәуірінің төріне шығарды.

Қазіргі таңда «Shalqar.kz» - жай ғана ақпарат көзі емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтардың басын қосатын үлкен алтын көпір және қасиетті қара шаңырақ болып қала бермек.

 

 

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться