Автор: ADMIN
Иордания королі Абдалла II Қазақстанға ресми сапармен келді,- деп хабарлайды "Shalqar.kz".
2026 жылғы 5 қарашада Иордания Хашимит Корольдігінің королі Абдалла II бен әл-Хусейн Қазақстанға ресми сапармен келді. Ол елімізге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен табан тіреді.
Сапар аясында Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания королі Абдалла II арасында жоғары деңгейдегі келіссөздер өтеді.
Кездесу барысында екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланбақ. Сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамыту перспективалары қарастырылады.
Бұдан бөлек, 6 қараша күні Астанада «Акаба үдерісі» халықаралық саммиті өтеді. Жиынға бірқатар мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады. Саммиттің негізгі тақырыбы – жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік мәселелері.
Айта кетейік, «Акаба үдерісі» – 2015 жылы Иордания королі Абдалла II бастамасымен құрылған, терроризм мен экстремизмге қарсы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған алаң. Иордания королінің бұл сапары Қазақстан мен Иордания арасындағы дипломатиялық байланыстарды нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер