Автор: ADMIN
600 маман, 23 жас: Ерлан Қарин қазақстандық AI командасымен кездесті,- деп хабарлайды “Shalqar.kz”.
Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының вице-президенті Ерлан Қарин отандық жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін Higgsfield AI компаниясының ұжымымен кездесті. Кездесу барысында ол компанияның қызметімен, жүзеге асырып жатқан жобаларымен және жасанды интеллект бағытындағы жетістіктерімен танысты.
Ерлан Қариннің айтуынша, компанияда 600 маман еңбек етеді. Қызметкерлердің орташа жасы – небәрі 23 жас. Ұжымның басым бөлігін қазақстандық жастар құрайды. Олардың арасында шетелде білім алып, тәжірибе жинақтағаннан кейін арнайы осы жобаны дамыту мақсатында елге оралған мамандар да бар. Вице-президент кездесуден алған әсерімен бөлісіп, отандық жастардың әлеуетіне жоғары баға берді. Оның пікірінше, осындай білімді әрі талантты жас мамандар Қазақстанның жасанды интеллект пен инновациялар саласындағы халықаралық беделін нығайтуға үлес қосады.
«Осындай дарынды, білімді жастар жігерлендіреді, үлкен үміт сыйлайды», – деп жазды Ерлан Қарин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында. Айта кетейік, Higgsfield AI командасының құрамындағы жас мамандардың көп болуы Қазақстанда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Бұл – отандық IT мамандарының халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі.
Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер