әдебиет

Автор: ADMIN

әдебиет 2026-01-14 17:08:00

Біз әлеуметтік желілерде:

Бір уыс Сәуле

news single

     Жәди Шәкенұлы деген қаламгерге Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығы жайында жазған сыни мақаласынан кейін ғана назар аудара бастадым. Өмір шындығын шынайы қалпында жеткізу қажеттігіне назар аударғаны ұнады. Өйткені Кеңес одағы тұсында жалған сөйлеуге үйреніп, қызықты болсын деген пиғылмен қисынсыз қиялға ерік берген жаман әдеттегі ақын-жазушыларды сақтандыру мақсатында ер мінезді, қара сөзден май ағызып, қиынның қиюын табатын, тарихи тақырыпқа жүрексінбей баратын Қабдештің айғыр жалына жармасқан бейтаныс қаламгерге жалғыз мен ғана емес, басқалар да назар аударған болар. «Қазақ әдебиетіне» қызметке келуі де, «Үн» есімді журналды шығаруы да маған беймәлім қалмады, әр тақырыпта жазғандары, әсіресе қысқа-қысқа әңгімелері де көзге түсе бастады.

 

    «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Өз әдебиетімізді өзгеден емес, өзгенің әдебиетін өзімізден іздейік», «Әдебиетіміздің атасы да ботасы да қазақ», «Жастар шығармашылығында поэзия биік, ал проза» деген мақалалары мен тарихи тақырыпқа, әсіресе Абылай ханды тұтқынға түсіп қалу қаупінен құтқарып, оң тізесінен орын талап еткен Ер Жәнібек жайында жазғандарын елеңдей оқығанымды жасырмаймын. Қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай деген бабаларымыз өз фамилияларымен, яғни атымен айна қатесіз танылып жатса, соларға серік болған, қол бастаған керей Ер Жәнібек батырдың еленбей жатқанын біреу біледі, біреу білмейді.Қазақ жазба әдебиетінің негізін алғаш қалаушылардың бірі, бүкіл Қытай мен Монголия қазақтарының піріне айналған атақты ақын Ақыт Үлімжіұлының «Жәнібек батыр» поэмасы 1909 жылдан бері шығыстағы бауырларымыздың рухани азығы, өнеге болар қаһарманы болып келе жатыр

   Сонымен қатар Қытай Мемлекеттік сыйлығының иегері, ірі жазушы Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек» романын 1999 жылы Құлжаға барған сапарымда ала келіп, атақты бабамыздың өр мінезі, азаматтық келбетін танып, Советтік қазақтардың елемей жүргендігіне қам көңіл болып ем. Тәуелсіздік келіп, әрқайсымыз өз ата-бабаларымызды іздеп, орынды-орынсыз той өткізе бастаған шақта жоғын іздеушілердің ең соңында Керей Ер Жәнібекке де кезек келді. Оған арналған ғылыми конференция болады екен деген хабарды естіп, 2006 жылдың 9 маусымында Ғалымдар үйіне бардым. Лық толған халық, алайда Кеңестік қазақтардан кейбір ақын-жазушы, ғалымдардың төбесі анда-санда бір көрінеді. Баяндамашы – Жәди Шәкенұлы. Алғаш көріп, сөзін естуім осы. Ынта қойып тыңдадым. Сөз әлпетінде пысықтығы, шешімділігі мен шешенділігі бірден аңғарылды. Сөз кезегі маған тигенде әңгімені бірден шығандатып: «Ағайындар, Абақ керей, Ашамайлы керей емес, Қазақстанда жалғыз ғана Керей бар, жалғыз ғана қазақ бар. Бұл бірігудің басы болатын болса онда «Халықаралық Ер Жәнібек қоғамдық қоры» құрылуға тиіс деген ұсыныстан бастағаным қазір де еске түсіп отыр. Ұйымдасу шаралары әңгіме болғанда сөзі түсінікті де орнықты, пікірін ашық айтатын Жәдидің осы қоғамдық қордың міндетіне жегілгенін дұрыс көріп, басқа жұмыстарының көптігі мен бас тартқанына да қарамай президент сайлаған едік. Содан бері бұл жігітке әлеуметтік тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да назар аударып келемін.

 

   Жәдидің қалауымен 2007 жылдың сәуірінде Қазақстанның Халық Жазушысы, шын классик Әзілхан Нұршайықов екеуіміз Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданындағы Ер Жәнібек мазарын барып көрдік. Көрген білгенімізді облыстың әкімі Жәнібек Кәрібжановқа баяндап, ел елерлік қадамдар жасауын өтіндік. Қытайдағы ағайындар да қамданып жатыр. 2008 жылдың күзіне қарай батыр мазары бой көтеріп қалатын сияқты. Оның басы қасында Жәди жүргені өзінен-өзі түсінікті болар. Таяуда (2008 жылдың 5 наурызында) «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» өзінің «Атажұрт» баспасы дайындаған 9 кітаптың тұсаукесер рәсімін өткізді. Сол кітаптың бесеуінен «Қазақ әдебиеті» газетінен көктемде ғана қауымдастық баспасына редакторлыққа ауысқан Жәдидің жәдігерлігін көріп отырмын.

 

    Соның алдында ғана жастар шығармашылығына арналған «Жас толқын» («Жалын» баспасы, 2006 жыл, екі кітап, Ұ.Зәуірбековамен бірге), «Оспан батыр» («Арда» баспасы, 2007 жыл, Д. Кәпұлы, Ө. Нәбиұлымен бірге) кітаптарын құрастырғанын, 2007 жылдың соңында балаларға арналған «Балқаймақ» кітабының «Балалар әдебиеті» баспасынан жарық көргенін білетін едім. Бұл ретте Ақыт Үлімжіұлының «Жиһаншах» атты өлеңдер мен дастандар жинағы, Қытайдағы қазақ ақындарының өлең жырлары «Күнгей бет» атауымен, Қауымдастықтың 15 жылдық тойының жалғасы «Қауымдастық – қазақтың бір отауы» (Б.Уатқанмен бірге) деген атаумен Жәдидің құрастыруымен шығыпты.

 

   «Шетелдегі қазақтар» кітапханасына Қытайда туып, қуғынға түсіп, Монголияда жазушы болып қалыптасқан, Қазақстаннан топырақ бұйырған Сейітқан Әбілқасымұлының «Қуғын» есімді өмірбаяндық хикаясы Жәдидің қолымен дайындалып, «Ақиықтың ақырғы балапаны» деген эссесімен бірге жарияланыпты. Ал «Қытайдағы қазақтар» атты монографиялық еңбегінің кітап болып шығуы өз алдына бір әңгіме. Мұның барлығы Шәкенұлының қалам қауқарының қарымдылығын аңғартса керек.   Жалғасы бар...

 Жәди Шәкенұлы

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться