әдебиет

Автор: ADMIN

әдебиет 2026-01-14 17:26:00

Біз әлеуметтік желілерде:

Бір уыс Сәуле 2

news single

    Осылай танысып-білісіп жатқан күндердің бірінде Жәди имене тұрып «Бір уыс сәуле» деген әңгімелер жинағының қолжазбасын ұсынып, оқып шығуымды өтінді. Ол тілегін орындап, көрген, сезгенімді ауызша айтайын десем де бүгін еріксіз қолыма қалам алып отырмын. Әуелі жинақ атына көз салайық – «БІР УЫС СӘУЛЕ». Өмір шындығы тұрғысынан сәулені уыстау мүмкін емес, ал поэзия әлеміне келгенде қисыны табылса сәулемен құшақтаса да аласың. Ал Жәди сәулені оқырманға қалай уыстатыпты? Сендіріп пе? Бүкіл жинаққа есім болған әңгіме не бәрі жарты-ақ бет. Осыншама шағын көлемде кімді сендіре алмақ? Өйткені әр құбылыстың басталуы, шарықталуы, түйінделуі болатынын білгендіктен суреттемені екі-үш рет қайтадан оқыдым. «Аспан астында ұшып жүретін дауыстар көп» дегенге тосырая нанасың.

 

   Толған айдың бетінен шарананы жарып шығуға жанталасқан нәрестенің бүктетілген бейнесін көріп, дүниені дүрліктіруге келе жатқан айғайын естисің. Сол айғаймен бірге ұшып келген жұдырықтай сәуле көзіңе шалынады. Автордың «қолым жетпеген көп нәрсені өңімде емес, түсімде көретінді шығардым» дегеніне елеңдей қаласың. Ай бетіндегі бедерлі шарана үш жасқа толып, көбелек қуып жүр. Көмектескен болып қуысқан әкесінің көз алдында көбелек бір уыс сәулеге айналғанғанда баласы қуып жетіп ұстайды. Оянып кеткенде, жанында ұйықтап жатқан ұлының жұдырығы тарс жұмулы екен.

 

   Қуаныш, шаттық, бақыт деген осы емес пе?! Өзің ойлан да, сырын аңғар. Жарты беттік әңгіме(шындығында новелла) мені осылай қайран қалдырып, біраз ойға батырғаны өтірік емес. Эстетикалық мәні бар шығарма оқушысын әрқашан ойландыруға, тіпті керек болса таңқалдыруға тиіс. Сонда ғана ол жүрекке жол тауып, санаға орнайды. Есте жүреді. Мен бұл баяндауды әдейі жасап отырмын, өйткені Жәдидің қалам сілтесі, өмірді іштей көруі, ойландыруы басқаларға ұқсай бермейді. Символиканың да, романтикалық желінің де, нағыздық шынайылықтың да іздері кездесіп, шап-шағын, қып-қысқа әңгімелері еріксіз өзіне тартады. «Жасыл жаңбыр», «Күміс кісе», «Алтын жүзік», «Қаз қанатына жазылған хаттар»... бәрі-бәрін тебіренбей оқу мүмкін емес. Әрине, тіл қолданысында Кеңестік қазақтардың қолданысынан әлдеқашан шығып кеткен сөздер, ойлау жүйелері де кездеседі екен.

 

   Болсын, оның тіл дамытуға еш зияны жоқ. Жоғалтқанымызды қайтарайық, білмегенімізді үйренейік. Әдеби шығарманың қасиеті де осы ғой. Қазіргі заманда көркем шығарма жазып отырмын деп ежіктей беруден аулақ болған жөн. Европаға елікте демеймін, онда роман – повестің, повесть – әңгіменің, әңгіме – суреттеменің деңгейінде жазылатын рәсім қалыптасып қалды. Көп сөзділік емес, көретін, сезетін, ұғатын көркемдік керек қазір. Осы тұрғыдан алғанда Жәдидің әңгімелерінде ойландырып-толғандыратын, көріп-қуанатын, сезіп тұщынатын сәттер жиі кездеседі.

 

   Мәселе тоқ етерін айтуда емес, соны оқушының жан-жүрегімен сезінуінде, өмір шындығын елестен ажыратып алуында, қызуы жоқ қиялды нәрлі өмір шындығына айналдыруында десек, бұл жағында қаламгердің өз қолтаңбасын қалыптастыруға көп еңбектенгені көрініп тұр. Арманыңа жетер даңғылыңнан жаңылыспа, әдебиет керуенінде жолың болсын!

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться