Алматы Ажары

Автор: ADMIN

Алматы Ажары 2026-03-08 23:48:00

Біз әлеуметтік желілерде:

КҮЙ-ТӘҢІРДІҢ СЫЙЫ, ЖУРНАЛИСТИКА-ӨМІР МЕКТЕБІ

news single

   Қызырбек  ЖАНАСЫЛҰЛЫ: «БЕЙЖІҢ ТӨРІНДЕ ҚАРШЫҒАНЫҢ КҮЙІН ТАСПАҒА БАСҚАНЫМДЫ МАҚТАН ЕТЕМІН» 

   Ол - Бейжің радиосының «алтын дауысы» атанған аға диктор ғана емес, саусағынан күй саулаған нағыз өнерпаз. Жат жерде жүріп қазақтың қоңыр домбырасын жанына серік еткен Қызырбек Жанасылұлы бүгінде атажұртқа оралып, Астана төрінде абыз ақсақалдық жолын жалғап отыр. Біз кейіпкерімізбен оның шығармашылық жолы, Бейжіңде өткен қырық жылдан астам ғұмыры және қазақ күй өнерінің заңғар тұлғасы Қаршыға Ахмедьяровпен арадағы айнымас достығы туралы сырласқан едік.

 

  І БЛОК: ДАЛА САЗЫНЫҢ ТАМЫРЫ: ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТОЛҒАУЫ

 

  Қызырбек аға, Сіздің саусағыңыздан күй төгілген өнерпаз екеніңізді білеміз. Күйшілік өнер Сізге қан айналымымен келген кие ме, әлде кейіннен қонған қасиет пе? Күйшілік-қазақтың қанындағы қасиет Қазақ халқының күйшілік өнеріне тоқталар болсам, мен үшін бүкіл ұлт - күйші, бүкіл халық - әнші. Өйткені, біз ұлан-ғайыр Азия даласын еркін жайлаған сахаралық көшпенділердің ұрпағымыз. Біздің мекен - ұшы-қиырсыз жазық пен сағым ұйыған мұнарлы кеңістік. Ел мен елдің, ауыл мен ауылдың арасы ат тұяғы тозып, құс қанаты талатын қашықтықта жатты. Осы географиялық алшақтық пен сирек қатынас халықтың жан дүниесінде ерекше бір жабығу мен сағыныш сезімін тудырды. Төрт маусымдағы қоныс жаңарту кезіндегі салқар көштер ғана адамдардың басын қосып, мәре-сәре қауыштыратын. Қалған уақытта әр ауыл өз жырасында мал бағып, тіршілік кешкендіктен, бір-біріне деген аңсау мен шері әсем ән мен тәтті күйге айналды. 

   Ықылым заманнан басталған бұл үрдіс атадан балаға, ұстаздан шәкіртке «құйма құлақ» әдісімен үзілмей жетті. Өнер дарыған текті әулет Күйшілік өнер маған ең алдымен қаныммен, тегіммен дарыған. Үлкен әкем-Ұрғынбай Әдеұлы белгілі сыбызғышы әрі күйші болған адам. Оның ұлдары Әбзелбай, Шынасыл және менің әкем Жанасыл да бұл өнерден кенде болмаған. Сондай-ақ, нағашы жұртым - Қыдырмолла мен Зәкен Ағурпікұлының бойындағы күйшілік қасиет те маған генетикалық заңдылық бойынша жұққан болуы керек. Өнер жолындағы алғашқы қадамымды туған ағам Қайсабек Жанасылұлының қатал да мейірімді қадағалауымен бастадым. Киелі мекен-Алмалы қыстағы Менің балалық шағым өткен өлке - Шыңжаңның Тарбағатай аймағы, Толы ауданындағы Алмалы қыстағы. Бұл ауыл-нағыз өнерпаздардың ордасы. Аңыз тұлғалар - «Шыңырау» күйінің авторы, ұста-зергер Бейісбай Шабанбайұлы мен ақын-күйші Дандан Қайдарұлының есімін естіп, аңызына қанып өстім. Тәлім алған ұстаздарым. Көзіммен көріп, өнерінен сусындаған тұлғалардың қатарында модернис ақын Омарғазы Айтанұлы, ғалым Мәлік Уәлиұлы, педагог Әнуар Ғабдылұлы, күйшілер Әбілғазы Мақажанов, Манап Сапатайұлы, Лұқман мен Айтыкен Бейісбайұлы, шешен Шаймұрат Ілиясұлы сынды азаматтар бар. Сондай-ақ, Шаймаран Бектемірұлы, Нәжіпқан мен Шәріпқан Қайдарұлдары, жазушы Мәулітқан Әбілғазыұлы сияқты ағаларымның үлгісі мені өнерге баулыды. Тарбағатайдың тарландары Тарбағатай мен Толы өңірі - күйшілердің мекені. Қайрақбай Шәлекенұлы, Рүстем Бітімбайұлы бастаған дүлдүлдер мен Кәсімбай Құсайынұлының шәкірттері - Дәлелқан, Отан, Сағидолла, Шәрбатқан, Әнуаш, Аршын сияқты майталмандар бұл өнердің туын жықпай ұстап келді.

 

   Өнер сабақтастығы - үшінші буын Бүгінде бұл сапты Қастер Сейтқанұлы, Ерболат Қызкенұлы, Жасар Әнуашұлы, Думан мен Серпін сияқты інілеріміз жалғастырып келеді. Олардың әрқайсысы қазақтың әні мен күйін жаңа заманға сай құбылтып, дамытып жүрген дарындар. Осындай киелі өнер қайнаған ортада өскендіктен, менің күйшілік жолын таңдамауым мүмкін емес еді. Бұл орта менің болмысымды қалыптастырып, өнердің шыңын аңсаған биік мұраттарға жетеледі. Қытайдағы қазақтардың күйшілік мектебі мен Арқа немесе Батыс күйшілік мектептерінің арасындағы үндестік пен ерекшелік туралы не айтар едіңіз? Шыңжаңдағы «Алтай, Тарбағатай, Іле» күйшілік мектептері мен Қазақстандағы Шығыс және Арқа күйшілік дәстүрлерін өзара салыстырғанда, олардың арасынан аса үлкен айырмашылық байқалмайды. Негізінен, бұл мектептердің бағыты мен мақамы бір-біріне жақын, тамырлас келеді. Десе де, Қытай қазақтарының күй орындау мәнерінде өзіндік бір бояу, өзгеше реңк бар. Біздің классикалық күйлеріміздің басым бөлігі өзіндік ерекше «бұраумен» орындалады. Бұл мәнер, әсіресе, «сол бұрау» немесе «теріс бұрау» деп аталатын күйлерде айқын көрінеді. Бұл бұраудың түп-төркіні ежелгі сыбызғы күйлерінен бастау алады. Осы бірегей дәстүрдің алтын діңгегі ретінде Қайрақбай Шәлекенұлы мен Ақынжан Болдырғанұлы сынды біртуар аталарымызды атауға болады. Көнекөз қариялар мен өнер зерттеушілері бұл тұлғаларды тек домбырашы ғана емес, сыбызғының сырлы сазын домбыра шанағында сөйлеткен шеберлер деп бағалайтын. Олар сыбызғыға тән қоңыр үнді домбыра тіліне шебер көшіріп, аспаптық өнердің жаңа көкжиегін қалыптастырды. Бейжіңде жүргенде қасиетті домбыраның үні Сізге қандай дем берді? Жат жерде жүріп күй тартқанда нені көбірек сағынатын едіңіз? 1980 жылдың тамызында мен тағдыр қалауымен Бейжіңдегі Орталық радио-телевизия бас стансасының Қазақ редакциясына диктор болып жұмысқа орналастым. Отыз миллионға жуық халқы бар алып шаһардың қайнаған ортасына бірден үйлесіп кету мен сияқты жиырма жастағы ауыл баласына оңай соққан жоқ. Бөтен ортада жалтақтап, жабырқаған сәттерім аз болмады; ата-анаға деген аңсау мен туған ауылға деген сағыныш жанымды мазалайтын.

 

   Дәл осындай кілтең тұста маған серік болған туған ағам Тілеуғазы Жанасылұлының өз қолымен аршадан ойып жасап берген қасиетті домбырасы еді. Жалғызсыраған сәттерде сол қара домбыраны қолға алып, алуан түрлі күй төгіп, ән салып, жатақтағы достарыммен бірге сағыныш мауқын басатынмын. Міне, содан бері қырық жылдан астам уақыт өтті. Ауылдан шалғай жүрсем де, жан дүниемді қазақтың қоңыр күйімен тербеп, сол сағыныштың арқасында бүгінде ортан қолдай күйші болып қалыптастым. Қара домбыра мені тек сағыныштан жұбатып қана қоймай, өнердің биік шыңына жетелеген адал серігіме айналды. Репертуарыңызда өзіңіз шығарған төл туындылар бар ма, әлде халық күйлерін насихаттауға көбірек көңіл бөлдіңіз бе? Мен халық және халық композиторларының күйлерін үйренуге шамамның келісінше ұмтылдым. Десе де, қазақ болып туғаныма, оның қасиетті қара домбырасын жаныма өмірлік серік етіп үйренгенім үшін күйдің киесіне өзімді қарыздар адам санап, туған еліме қарымжы немесе естелік белгі ретінде халқымның кәдесіне жарар деген үмітпен бірқанша күй шығардым. Оның бағасын халқымның өзі өлшеп-танар. Мысалы: «Қызғыш ана», «Ел аға», «Дүлдүл», «Тоғыс», «Ана мейірі», «Қайсар аға» деген сияқты. Бұған халық және композиторлардың күйін қосқанда, ұзын ырғасы отыздан астам күй тартқан екенмін. Бұл күйлер кезінде Қазақ радиосының Алматыдағы «Шалқар» ұлттық бағдарламасында, Бейжіңдегі Орталық радио-телевизия бас стансасы Қазақ радиосында үздіксіз беріліп келді. Бірталайы Еркебұлан Мұтанұлы деген шәкіртімнің түсірген телекамерасы арқылы WeChat текшесіне шығып, бүкіл ғаламторға тарады.

 

   БЕЙЖІҢ РАДИОСЫ. АҚПАРАТ АЙДЫНЫНДА (ЖУРНАЛИСТІК ЖОЛ)

 

  Бейжің радиосының қазақ бөлімі - үлкен мектеп. Ондағы жұмыс істеу стилі, талабы мен жауапкершілігі туралы айтып берсеңіз. Ол кездегі радиожурналистиканың «алтын ережелері» қандай еді? Бейжіңдегі Орталық халық радио стансасы 1971 жылдың 1 мамырында өз жұмысын бастаған болатын. Мен осы қара шаңыраққа стансаның құрылғанына тура он жыл толғанда, яғни 1980 жылдың 13 тамызында дикторлық қызметке қабылдандым. Радио ұжымындағы ішкі жұмыс бағыттары мен міндеттер әртүрлі болғанымен, әрбір журналист пен қызметкерге қойылатын талап пен ортақ ереже біреу ғана еді. Біздің кәсіби жолымыз мынадай іргелі принциптерге негізделді: Мемлекеттік саясат пен заңдылықты сақтау - ел басшылығының бағыт-бағдарын басшылыққа алып, заң шеңберінде қызмет ету. Бірлік пен ынтымақты дәріптеу - қоғамдағы береке мен татулықты насихаттау. Идеологиялық дұрыс бағыт - жұртшылықтың ой-санасын оң бағытқа бағдарлап, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Халықпен байланыс - әрқашан тыңдарманның тілек-талабын ескеріп, халықтың көңілінен шығатын сапалы хабарлар дайындау. Бұл талаптар біздің күнделікті жұмысымыздың темірқазығына айналды және радионың халықтық мәртебесін биіктетуге қызмет етті. Радиода жүріп қазақ мәдениетін, ән-күйін Қытай аудиториясына танытуда қандай бағдарламалар жасадыңыз? Оқырман мен тыңдарманның ықыласы қандай болды? Бейжіңдегі Орталық радио-телевизия бас стансасының Қазақ бөліміне қызметке келгеннен кейін, мен негізгі дикторлық міндетіммен қатар, шығармашылықтың сан саласына білек сыбана кірістім. Концерттік бағдарламалар әзірлеу, ән-күй жазбаларын таспалау және халықтың денсаулық сауаттылығын арттыру ісі - күнделікті жұмысымның ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе, аптасына екі рет эфирге шығатын 30 минуттық «Шипагер» танымдық бағдарламасын дайындауға ерекше мән бердім. Мәтіндерді өзім жазып немесе өзге тілдерден аударып, материалдарды іріктеп, монтаждау жұмыстарын толықтай өз мойныма алдым. Бұл хабар тыңдарманның медициналық білімін жетілдіруге бағытталған маңызды жоба болды. Тілшілік қызмет және мемлекеттік маңызы бар оқиғалар. Кейде мемлекеттік деңгейдегі екі ірі құрылтай (парламенттік сессиялар) кезінде тілшілік міндетті де атқардым. Халық қалаулылары мен елге танымал тұлғалардан нақ оқиға орнынан сұхбат алып, оларды арнаулы айдар ретінде сол күні кеште эфирден таратып отыратынбыз. Бұл бізден жеделдік пен жоғары кәсібилікті талап ететін жауапты кезеңдер еді. Радионың мазмұндық әлеуеті. Тек мен ғана емес, біздің ұжымдағы әріптестерім де қазақ өнері мен мәдениетін, оқу-ағарту ісі мен жастар мәселесін, ауыл тынысы мен ана мен бала денсаулығын назардан тыс қалдырмады. Радиомызда экономика, қаржы және халықаралық саяси мәселелерді қамтитын 15-тен астам айдар жұмыс істеді. Біздің басты мақсатымыз - қазақ ұлтының төл мүддесіне қызмет ететін құнды ақпараттар мен білімді халыққа жеткізу болды. Осындай алуан мазмұнды айдарлар ашу - радио қызметкерлерінің талай жылғы мызғымас міндеті мен көкейкесті мұратына айналды. Осы қажырлы еңбектің өтеуі ретінде біздің хабарларымыз қалың тыңдарманның жоғары бағасына ие болды. Қытайдағы қазақ журналистикасының дамуына үлес қосқан қай тұлғаларды мақтанышпен атар едіңіз? Тарихы терең қара шаңырақ Ендігі кезекте, Үрімжі қаласында 1955 жылы іргетасы қаланған, биыл 71 жылдық белесіне шыққан Шыңжаң халық радио стансасының Қазақ бөліміне тоқталсақ. Бұл - біздің Орталық халық радио стансасының Қазақ редакциясы үшін де киелі қара шаңырақ іспетті. Жеті онжылдықтан астам уақыт ішінде бұл радиода жүздеген білікті журналистика мамандары қызмет етіп, қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосып келеді. Осы киелі шаңырақта бізге дәріс беріп, дикторлық өнердің қыр-сырын үйреткен, жолымызды нұсқаған ұлағатты ұстаздарымыздың орны бөлек. Атап айтсақ: Мұратбек Тесебаев, ақын, білікті редактор, директор және дикторлық өнердің «профессоры» атанған аға диктор. Ол кісі біз үшін нағыз мектеп болды. Еркін Әбішұлы, көркем сөздің майталманы, аға диктор, дауысымен дүйім жұртты ұйытқан шебер. Күлайша Нұрпейісқызы, тете аға диктор, эфир мәдениетінің үлгісін көрсеткен аяулы апайымыз. Ғайникамал Жолымбетқызы, тете аға диктор, радио өнеріне өміршең қолтаңбасын қалдырған бірегей тұлға. Бұл есімдер Шыңжаң қазақ радиосының тарихында алтын әріппен жазылған, кейінгі буын дикторлар мен журналистер үшін үлгі-өнеге болып қала беретін хас шеберлер.

 

   ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОРТА ЖӘНЕ ҚАРШЫҒА АХМЕДЬЯРОВПЕН ДОСТЫҚ

  Қызырбек аға, Сіз қазақ күй өнерінің заңғар тұлғасы Қаршыға Ахмедьяровпен жақын дос, сырлас болған екенсіз. Екі елдің арасында жүріп, бұл достық қалай басталды? Қаршыға ағаның Сіздің өнеріңізге берген бағасы қандай еді? Бейжіңдегі бес ай: Күй-Қаршығаның қайсарлығы Қазақстанның халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Парасат» орденінің иегері Қаршыға Ахмедияровтың есімі маған бала күннен таныс еді. 2000 жылдың күзінде Қаршекең Бейжіңдегі «301» әскери госпиталіне бүйрек алмастыру отасына келгенін естіп, жұбайым Роза Нәбиқызы екеуіміз арнайы амандаса бардық. Мен Орталық радиода аға диктор, жұбайым бас редакторлар бөлімінде қызмет ететінімізді айтып, қолдан келген көмегімізді аямайтынымызды білдірдік. Ота мен үміт Донор күтіп бес ай жатқан Қаршыға ағаға 2001 жылдың мамыр айында сәтті ота жасалды. Роза екеуіміз хирургиялық ота аяқталғанша қасында болып, дәрігерлерге аудармашылық жасадық. Екі аптадан соң Қаршекеңнің көңіл-күйі сергіп, денсаулығы оңала бастағанда маған мынадай өтініш айтты: - Қызеке, шүкір, бетім бері қарады. Енді ертең ептеп радиоға барып, Қытайдағы қандас бауырларыма естелік болсын, бірнеше күйімді таспаға жаздырсақ қайтеді? Студиядағы бес сағат Ертеңінде дәрігерлерге байқатпай, Қаршекеңді госпитальдан алып шығып, студияға әкелдік. Ота жасалғанына небәрі екі-ақ апта болса да, ол кісі өз туындыларынан 150-ге жуық күйді таспаға мүлтіксіз түсірді. Күй тартып отырғанда екі көзі нұрланып, бар болмысымен өнерге еніп кеткені сонша, еш мүдіріссіз, құйқылжыта төгілтті. Студиядан шыққанда байқасам, отадан соң тігілген жарасының жіптері босап, бүйірі көгеріп кетіпті. Сонша күйді тартқанда ішкі ағзаға күш түскені анық еді. Бірақ Қаршекең оған тіпті елең етпеді. Ол үшін өнерін алтын қорға аманаттау - өз жанынан да қымбат еді. Госпитальға оралғанда дәрігерлерге: «Ұшақ билетін алуға кеттім», - деп сылтау айтып, шындықты жасырды. Міне, нағыз өнер құрбаны! Дерттің дерегі нақақтан тиген соққы Бірде ағадан бұл дерттің қайдан жабысқанын сұрағанымда, ол кісі мұңайып тұрып, жан түршігерлік оқиғаны айтып берді. Сөйтсек, Қаршекеңнің жетістігін көре алмаған кейбір «қызылкөз» саптастары бұзақыларды ақшаға жалдап, Алматының көшесінде күйшіні тепкінің астына алдырған екен. «Домбырамды қолтықтап, басымды қорғап жата бердім. Олар екі бүйірімнен аяусыз тепкіледі», - деді аға. Осы оқиғадан кейін екі бүйрегі бірдей істен шығып, аптасына екі рет қан сүздіруге (диализге) тәуелді болған. Ұлағатты сөз Қаршекең менің домбыра тарту мәнерімді ұнатып: «Консерваторияға түсіп оқы, ел сенен Шығыстың шырын шертпелерін тыңдасын», - деп ағалық ақылын айтты. Мен жасымның келіп қалғанын айтып, әзілмен жауап бергеніммен, бұл сөз мен үшін үлкен мәртебе еді. Бұл кездесу - өнердің құдіреті мен Қаршыға Ахмедияровтың асыл тұлғасын танытқан ұмытылмас сәт болып тарихқа енді. Қаршыға ағамен кездескенде көбіне не туралы сырласушы едіңіздер? Күйдің тарихы ма, әлде қос ішектің арасындағы жатқан қазақтың тағдыры ма? Есте қалған бір ғибратты оқиғаны айтып берсеңіз. Құрманғазы оркестрі - әлемдік деңгейдегі бірегей құбылыс Қаршыға ағамен сұхбаттасқан сәттерімде мені көбіне күй өнерінің тарихы, қазақ музыкасының даму жолы мен болашағы және ұлттық оркестрдің табиғаты қызықтыратын. Ол кісінің бұл тақырыптардағы пайымдары өте соны әрі тұшымды болатын. Әсіресе, Құрманғазы атындағы ұлттық аспаптар оркестрінің әлемдік деңгейдегі ерекшелігі туралы Қаршекең былай деп тебіренетін: «Бүкіл әлемде тек бір ғана ұлттың төл аспаптарынан құралып, осыншалықты қуатты дыбыс шығара алатын оркестр кемде-кем. Дүние жүзіндегі кез келген әйгілі симфониялық оркестр бір ғана ұлттың аспаптарымен шектелмейді. Ал біздің оркестрдің басты феномені - ондағы аспаптардың тек қазақ халқының ата-мұрасы болуында». Оркестрдің аспаптық палитрасы Қаршыға аға оркестрдің құрамындағы әр аспаптың үніне ерекше мән беретін. Ол қазақтың бай аспаптық қорының әр түрін мақтанышпен атайтын. Ішекті-шертпелі - домбыра, шертер, прима, бас домбыра. Ыспалы - қобыз (нар қобыз, қыл қобыз). Үрмелі - сыбызғы, саз сырнай, қос сырнай, қамыс сырнай, мүйіз сырнай, ұран, керней. Ұрмалы-шулы - даңғара, дауылпаз, шыңдауыл, дабыл, кеншік, шың. Көне аспаптар - адырна, шаң қобыз. Қаршекеңнің айтуынша, осы аспаптардың басын біріктіріп, үлкен академиялық деңгейге көтеру - қазақ мәдениетінің әлем алдындағы ең үлкен жеңісінің бірі. «Біз осы ұлттық болмысымызбен-ақ бүкіл әлемді таңғалдыратын күшке иеміз», - деп түйіндейтін сөзін даңғайыр күйші. Шетелде жүргеніңізде Қазақстанның өзге де өнер майталмандарымен (күйшілер, композиторлар) шығармашылық байланысыңыз қалай болды? Кімдермен хат алысып, пікір алмасып тұрдыңыз? Мен Бейжіңдегі Орталық радио-телевизия бас стансиясы Қазақ радиосында ұзақ жыл қызмет істедім. Қызмет қажеті бойынша қазақтың көш басындағы, ел ісіне араласып жүрген марқасқа азаматтарынан, өнерпаздарынан, әнші-күйшілерінен тілшілік сұхбат алып, радиода, газет-журналдарда үнемі жариялап отырдық. Қазақтың Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясының ұстазы, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың, «Парасат» орденінің иегері, «тірі Құрманғазы» атанған даңғайыр, дарабоз күйші, менің өмірдегі досым, өнердегі ұстазым Қаршыға Ахмедияров ағамызбен көзі тірісінде 10 жылға таяу барыс-келіс, аралас-құраластa болдым. Ол кісі өмірден озған соң, отбасындағы Нұрбике апайымызбен, Ерлан, Ерболат атты балаларымен, басқа да туысқандарымен күні бүгінге дейін дәм айқасып, араласып тұрамыз. Бұдан тыс, кезінде Қаршыға Ахмедияров ағамыздың дәнекер болуымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының күйшілері, профессорлары, оқытушыларынан болып, бірталай өнер жұлдыздарымен таныстым. Күйші-профессорлар Карима Сахарбаева, Біләл Ысқақов, Абдулхамит Райымбергенов, Айгүл Үлкенбаева, Ержан Жәменкеев, Абылай Тілепбергенов, Нұркен Әшіров қатарлы өнерпаздар. Әсіресе, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, күйші-композитор Қуаныш Жұмағалиев бауырыммен, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, өнертану ғылымының аспиранты, күйші Игілік Баян қарындасыммен біршама толық танысып, жиі араласып тұрамыз. 2015 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы халық музыка кафедрасының 70 жылдығына арнайы шақырумен келіп, жиналыста лекция оқып, студенттермен танысып, лекция-концерт өткіздім. Қуаныш Жұмағалиев бауырымның партитуралық аспаптауымен сахнада менің Қаршыға Ахмедияровтың рухына арнаған «Күй пері» атты күйім тосынсый ретінде оркестрмен ойналды. Өзім сахнада «Бұлғын сусар» атты халық күйін орындадым. Міне, осылайша күй өнерінің алтын дәнекерінің арқасында қазақ елімнің сахнасында көрініс таптым. 

 

  КҮЙШІ-КОМПОЗИТОРЛЫҚ ҚЫР (ТӨЛ ТУЫНДЫЛАР)

 Сіз тек шебер орындаушы ғана емес, ішкі толғанысты күй тілімен сөйлететін композиторсыз. Алғашқы күйіңіз қалай туды? Ол қандай сезімнің жемісі еді? Алматыдағы ізденіс жылдары 2003-2004 жылдары мен Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық университеттің халықаралық журналистика факультетіне ақпараттық тіл зерттеуші ретінде оқуға келдім. Бұл кезең мені қазақ зиялыларының ортасына, білікті мамандармен таныстыққа жетеледі. Көл басындағы аянышты көрініс Бірде әйгілі күйші Қаршыға Ахмедияров ағамызбен бірге Байсерке маңындағы туыстардың үйіне қонаққа бардық. Қайтар жолда көл жағасына тоқтап, табиғатты қызықтап тұрған едік. Көл бетіндегі балдыр үстінде қанаты қайырылып, жансыз жатқан балапанын қимай, аузындағы титімдей балығымен шырылдап айналып ұшқан бір құсты көрдік.

   Аңшының оғына ұшқан балапанынан айырыла алмай, зарыққан ана құстың бұл қылығы жүректі сыздатты. Мен Қаршекеңе қарап: - Қаршеке, мына құстың зары менің жаныма батты. Анасының мына шырылдаған үні неткен аянышты еді! Сіздей дәулескер күйші осы көрініске арнап бір күй шығарсаңыз қайтеді? - дедім. Ұстаздың сыны мен сенімі Қаршыға аға сәл ойланып тұрып, күтпеген жауап қайтарды: - Мен білгенде, шығыстың күйшілері аң-құс пен жануарларға арнап «Аңшының зары», «Ақсақ қаз», «Бұлбұл торғай» секілді ғажап күйлер шығарған. Оның үстіне, сен теріс бұраудағы күйлерді шебер орындайсың. Мына құстың зарын сенің өз жаныңнан шығаруың керек, - деді. Мен: - Ойбай-ау, Қаршеке, «дарияның қасынан құдық қазбайды» емес пе? Сіз тұрған жерде мен күй шығардым десем, ел күлмей ме? - деп әзілге бұрғаныммен, ағамыз сөзіне нық еді. - Тартынба, сенің қолыңнан келеді. Мына көлдегі шағала мен қызғыштың үні теріс бұрауға сұранып тұр. Қазір біздің үйге барамыз, қолыңа жаққан кәсіби домбыраны таңдап ал да, жатақханаңа барып осы тапсырманы орында. Дайын болғанда консерваторияға келіп, «емтихан» тапсырасың, - деп кесіп айтты. Домбыра таңдау және «Қызғыш ана» Байсеркеден шығып, Қаршекеңнің үйіне бардық. Күйшінің үйі күмбірлеген қара домбыралардың ордасы екен. Нұрбике тәтеміз шай қайнатып болғанша, мен үй толы аспаптардың ішінен өзіме ұнаған біреуін таңдап алдым. Менің «күйшінің үйі толған домбыра болады екен» деген әзіліме бәріміз ду күлдік. Қаршыға аға мені университеттің жатақханасына өзі әкеліп салды. Содан бастап бірнеше күн бойы жатақханада сол көлдегі құстың зары мен ананың шырылын домбыра пернесіне түсірумен болдым. Осылайша, ұлы күйшінің батасымен, ана махаббатымен жаралы табиғаттың үніндей болған «Қызғыш ана» атты төл күйім дүниеге келді. Кейін бұл күй «Шалқар» радиосының қорына да жазылды. Төл туындыларыңыздың тақырыптық аясы қандай? Мысалы, Бейжіңдегі қарбалас өмір мен атамекенге деген аңсау Сіздің күйлеріңізде қалай көрініс тапты? Тарихи тамыр мен Абылай ханның жарлығы Атамекен туралы сұрағыңызға келер болсақ, бұл біз үшін тек географиялық түсінік емес, қанымызбен келген қасиетті ұғым. Біз туған жерімізде есейіп, ержеткен шағымызда ғана ата-бабаларымыздың бұдан үш жарым ғасыр бұрын Сарыарқа төсінен қоныс аударғанын тарихи жазбалар мен көнекөз қариялардың айтуымен ұғынып білдік. Халық жадында сақталған аңыз бойынша, сол заманда Абылай ханның арнайы жарлығымен қазақтың бір бөлігі стратегиялық мақсатта «Үш өзен басын» - Ертіс, Іле, Еміл су көздерін иелену үшін Арқа жерінен осы өңірге мақсатты түрде қоныстандырылған екен. Бұл көш - ұлттың тұтастығы мен жеріміздің қауіпсіздігін сақтау жолындағы тарихи шешім болған. Күй мұрасы. Сазды толғаулар Жан дүниемнің айнасы іспетті менің төл күйлерім халқымның тағдыры мен жақын жандарға деген құрметімді паш етеді: «Қызғыш ана» - аналық махаббат пен табиғат үндестігі, «Дүлдүл» - еркіндік пен жүйріктіктің символы, «Ел аға» және «Қайсар аға» - ел ардақтыларына арналған толғау, «Тоғыс» пен «Ана мейірі» -адамгершілік пен мейірім шуағы. Ән мұрасы. Сағыныш пен Шаттық Ән әлемінде де өзіндік қолтаңбамды қалыптастырып, туған жерге, өмірдің мәніне арналған туындыларымды ұсындым. Олардың қатарында: «Туған жер», «Күндер-ай», «Есіме келесің» - өткен күн мен туған өлкеге деген сағыныш. «Домбыра», «Қаракөз» - ұлттық аспап пен сұлулықты дәріптеу. «Той жыры», «Өкінбе сен» - көңілдің ақжарма қуанышы мен жігері. Осы туындылардың әрқайсысы - ата-баба аманаты мен бүгінгі ұрпақтың рухани сабақтастығының айқын көрінісі. «Күй - тәңірдің сыйы» дейді. Жаңа күй келерде алдымен әуені келе ме, әлде оның аты мен оқиғасы ма? Өз туындыларыңыздың ішінде шоқтығы биік, жаныңызға ең жақыны қайсы? Күй жазу өнері: Қиял мен шеберліктің тоғысуы Мен күй шығаруға кіріскенде, ең әуелі туындының арқауы болатын оқиғаны ойға шоғырландырып, қиял әлеміне терең бойлаймын. Оқиғаның әрбір иірімін, кейіпкердің ішкі күйін немесе табиғаттың құбылысын жіпсілей қуып, саз бен сюжеттің үндестігін іздеймін. Кез келген кемел шығарма сияқты, күйдің де: Басталуы, дамуы, шарықтау шегі, Түйіні (аяқталуы) болуы шарт. Осы кезеңдердің арасындағы мағыналық және әуендік байланысты сан қайтара сараптап, ширата түсіп, әрлеп, пысықтаймын. Тек әбден мәнерлеп, кәсіби мамандардың талқысынан өткізіп, оң бағасын алғаннан кейін ғана туындыға соңғы нүктені қоямын. Күй мен үшін терең толғаныс пен зергерлік дәлдіктің нәтижесі. Шығармашылық мұра және халық бағасы Менің төл туындыларымның ішінде тыңдарман қауым әсіресе: «Күй пері» (Қаршыға Ахмедияровтың рухына арналған), «Қызғыш ана», «Ел аға» күйлерімді ерекше ықыласпен қабылдап, жоғары бағалап жүр. Әрине, қалған күйлерім де өз алдына бір-бір дүние. Оларды да халық алдында ұялмай тартуға болатын, кәсіби деңгейдегі лайықты шығармалар деп есептеймін. Өнер - бағасын халық беретін ұлы сарапшы.

 

    ӘУЛЕТ БЕРЕКЕСІ. ОТБАСЫ МЕН БАЛАЛАР

   «Жақсының артында ұйытқы болар жары бар». Көп жылдар бойы шетелде жауапты қызметте жүргеніңізде отбасыңыздың қолдауы қаншалықты маңызды болды? Жеңгей екеуіңіздің шаңырақ көтергендеріңізге қанша уақыт болды? Мен Бейжің шаһарында 42 жыл ғұмыр кештім. Жұбайым Роза Нәбиқызы Орталық радио-телевизия бас стансасының бас редакторлар бөлімінде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті. Ол кісінің жұмыс ортасы негізінен қытай тілді әріптестерден құралғандықтан, барлық іс-қағаздары мен қызметтік бағыты ханзу тілінде жүретін. Қызмет пен тұрмыс үйлесімі. Жұбайымның жұмыс кестесі маған қарағанда жүйелі болатын, ол таңертең уақытында барып, кешкі сағат бесте үйге оралатын. Ал мен Қазақ радиосының дикторы болғандықтан, тікелей эфирлер мен жазбалардың тығыздығына байланысты жұмыстан кеш, сағат жетіден аса бірақ шығатынмын. Осы себепті отбасының барлық дерлік ауыртпалығы, баламызды балабақшаға апарып-әкелу және басқа да күнделікті тіршілік тауқыметі Розаның иығына түсті. Менің қызмет жолындағы жетістіктерімді жұбайымның риясыз қолдауы мен қажырлы еңбегінен бөле қарау мүмкін емес. Ол менің өмірдегі сенімді серігім, шығармашылығымның демеушісі әрі ең басты ақылшым бола білді. Ұрпақ тәрбиесі және болашаққа жол. Жалғыз ұлымыз Құзардың тәрбиеленіп, Еуропаның іргелі оқу орындарына аттануына Розаның қосқан үлесі орасан зор. Ол Құзарды кішкентай кезінен бастап, демалыс күндеріне қарамастан, велосипедпен тасып жүріп ағылшын тілі мен саксофон сабақтарына қатыстырды.

   Аналық сезім мен қажырлы төзімнің арқасында баламыз жан-жақты білім алып өсті. Сондықтан, өз тарапымнан жұбайымның бұл еңбегін мақтауға да, мақтануға да тұрарлық үлкен ерлік деп есептеймін. Біздің жетістігіміз - Розаның төзімі мен мейірімінің жемісі. Балаларыңыз әке жолын қуып, өнерге немесе журналистикаға бет бұрды ма? Олардың бүгінгі жетістіктері туралы айта кетсеңіз. Ұрпақ мақтанышы. Білім мен өнердің ұштасуы Біздің ұлымыз Құзар Бейжіңде компьютер мамандығы бойынша іргелі білім алды. Оның бойында бізден дарыған өнерге деген құштарлық та бар, домбырада қоңыр күй шертіп, саксофонда сырлы әуендерді шебер орындайды. Ол білім жолындағы ізденісін тоқтатпай, Ухан қаласында Азия деңгейіндегі халықаралық іріктеу емтиханынан мүдірмей өтті. Осы жетістігінің арқасында Финляндияның жетекші оқу орындарының бірінде білімін жалғастыруға мүмкіндік алды. Бүгінде ұлымыз сол елдегі жасанды серік ұшырумен айналысатын алпауыт компаниялардың бірінде жауапты қызмет атқарады. Қазіргі таңда отбасымен бірге Финляндияда тұрақтап, өз саласының білікті маманына айналды. Ұлымыздың ғылым мен технологияның озық шебінде жүруі - біз үшін үлкен мәртебе әрі зор қуаныш.

 

    АТАЖҰРТҚА ОРАЛУ ЖӘНЕ БҮГІНГІ АСТАНА

 

  Зейнет жасына шығып, елге оралу үлкен шешім. Қазақстанға, оның ішінде елордамыз Астанаға қоныс аударғандағы алғашқы әсеріңіз қандай болды? Ата жұрттың аязы мен жүректің мұзы Бейжіңнің қары жоқ, жұмсақ қысынан кейін Арқаның бет қаратпас аязына келу-тәніме ғана емес, жаныма да оңай тимеді. Алайда, «елім» деп еңіреп келгенде, мені климаттың суықтығынан бұрын, кейбір қандастарымның суық бауыр, салқын қабағы көбірек қажытты. Үкімет табалдырығын аттағанда қазақ тілінің төрге шыға алмай, орыс тілінің өктемдігінен өзегімнің өртенгені-жаныма аяздай батты. Төл тілімді қадір тұтқаным үшін өз ортамда «көзге шыққан сүйелдей» көрініп, орысша білмегенім үшін «күнәлі» адамдай күй кешкенім - ең үлкен рухани соққы болды. Ортақ мұң және өгейлік сезімі Бұл жалғыз менің ғана басымдағы тауқымет емес, әлемнің әр түкпірінен «атамекен» деп ат басын бұрған талай қандасымның ортақ кешірмесі екен. Өз еліңде жүріп өгейдің күйін кешу, «еттен ет кесіп бергендей» ауыр тиді. Мен қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налдым. Қырық жылдан астам уақыт сыртта жүргенде қадірлеген қазақтығымның өз топырағында елеусіз қалғаны өкініш өртіне орады. Төзім-тұлпар, сабыр-сұңқар Десе де, «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды». Өкпемді назға, ренішімді жазға айналдырып, «Түбі бойым үйреніп кетер» деген үмітке бекіндім. «Шыда тағы, бұл өмір шыдатады» деп, өз ұжданымды кең пейілділіктің біләмәсіне («қайрағына») жанып, төзімді серік еттім. Сағынышпен жеткен Отанымның әрбір кемшілігін ананың баласына деген кешірімімен қабылдауға тырыстым. Бұл-менің ғана емес, Ата жұрттың құшағына ену жолындағы бүкіл алыстағы ағайынның ішкі арпалысы мен азаматтық белесі. Бүгінде балаларыңыздың қасында, Астананың төрінде отырсыз. Елдегі өнер мен журналистиканың даму қарқынына көңіліңіз тола ма? Бүгінде Қазақстанның журналистика саласы, әсіресе радио-телевизия, интернет-медиа және баспасөз бағыттары өте жылдам дамып келеді. Технологиялық жабдықталуы мен ақпарат тарату жылдамдығы жағынан біздің еліміз әлемдік озық мемлекеттердің көшінен қалыспайды, тіпті кейбір тұстарда алдыңғы қатарда келеді деп сеніммен айтуға болады. Алайда, сыртқы жылтырақ пен техникалық қарқынның көлеңкесінде қалып бара жатқан ішкі мәселе - тіл мәдениеті. Күнделікті эфирден еститін сөйлеу мәнеріміз бен сөз қолданысымызда мынадай ағаттықтар жиі кездеседі: жасандылық - қолданыстағы сөздер байырғы, нәрлі тіліміз емес, көбінесе орыс тілінен сөзбе-сөз аударылған калқаланған (балама) тіл. Ұғымға ауырлық - мұндай шұбалаңқы тіркестер ойды бұлдыратып, есте қалмайды, тілдің табиғи болмысын зақымдайды.Термин жасаудағы жалқаулық - кірме сөздерді қазақ тілінің заңдылығына («сингармонизм») бағындырмай, сол қалпында қолдану белең алуда. Кірме сөздер мен жасанды орамдар тілдің сиқын ғана емес, ұлттық діліміздің шырқын бұзатынын ұмытпауымыз керек. Бізге жаңа атаулар мен терминдерді қазақ тілінің ішкі заңдылықтарына сүйене отырып жасаудан ерінбеу, оны эфирде қолданудан ауырсынбау қажет. Тіл тазалығы - ақпараттық қауіпсіздіктің басты кепілі. Шынында да, қазіргі теледидар мен радиодағы "дикторлық мектептің" орнын "жүргізушілік" басып кетті. Бұрынғыдай сөздің артикуляциясына, екпініне және логикалық кідірісіне (пауза) мән беру азайып барады. Аға, сіз осы мәселені шешу үшін қазіргі жас журналистер мен дикторларға арнап арнайы шеберлік сағаттарын өткізуді немесе дикторлық әліппе туралы еңбек жазуды ойлаған жоқсыз ба? Сіздің Бейжіңдегі мектеп пен Қазақстандағы бүгінгі ахуалды салыстыруыңыз мамандар үшін үлкен сабақ болар еді. Шәкірт тәрбиелеу ісіне келсек, өз алдыма арнайы сынып ашып, ресми дәріс бермесем де, өнерімді үйреніп, тәжірибе жинағысы келген жанның бетін қайтарған емеспін. Қазірдің өзінде Құрманғазы атындағы консерваторияның шәкірттері келіп, күй орындаушылық дәстүр мен техниканы үйреніп, менің орындаушылық мектебім бойынша ғылыми еңбектер жазуда. Бұл - күй өнерінің ғылыммен ұштасқан жаңа деңгейі. Радио-телевизия саласының мамандарына кәсіби кеңес беріп, қоғамдық ұйымдар ұйымдастырған мәдени іс-шаралардан шет қалмай, ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етіп келемін Шетелдегі қазақ баспасөзі мен Қазақстандағы БАҚ арасында қандай байланыс орнату керек деп есептейсіз? Тәжірибе алмасудың тоқырауы Бұрын Қазақстанның БАҚ саласы мен шетелдік (соның ішінде Қытайдағы қандастарымыздың) медиа құралдары арасындағы байланыс өте тығыз болатын. Бірлескен жобалар, тілшілердің өзара тәжірибе алмасуы және ақпараттық ағын екі жақты жүріп тұратын. Алайда пандемия мен геосаяси жағдайлар бұл «алтын көпірді» уақытша болса да тоқтатты. Бұл үзіліс тек ақпараттық емес, кәсіби деңгейдегі ізденістердің де шектелуіне алып келді. Достық пен бауырластық - идеядан жоғары Сіз айтқан «идея өлшемінен тыс болу» қағидасы - қазіргі әлемдегі ең маңызды ұстанымдардың бірі. Елдер арасындағы саяси көзқарастар немесе мемлекеттік идеологиялар өзгеруі мүмкін, бірақ, халықтар арасындағы достық, қандас бауырлар арасындағы рухани сабақтастық, мәдени-ақпараттық интеграция ешқандай шектеуге бағынбауы тиіс. Қазіргі таңда бұл байланыстарды қайта жаңғыртудың маңызы зор. Шетелдегі (Бейжің, Үрімжі, т.б.) қазақ тілді журналистиканың бай тәжірибесі мен Қазақстандағы заманауи медиа технологиялар тоғысса, бұл - ортақ қазақ тілді ақпарат кеңістігін сапалық жаңа деңгейге көтерер еді. Сөз бен ақпараттың шекарасы жоқ. Әсіресе, Бейжіңдегі Орталық радионың 70 жылдан асқан бай мектебі мен Қазақстандағы еркін медиа ортаның өзара сұхбат құруы - тіл тазалығы мен кәсіби этика мәселелерін шешуге үлкен септігін тигізер еді.

 

   ӨМІРЛІК ФИЛОСОФИЯ ЖӘНЕ ЖАСТАРҒА АҚЫЛ

 

  Сіз үшін «Өмірдің күйі» деген не? Оның әуені қазір Сіз үшін қалай естіледі? Мен үшін «Өмірдің күйі» дегеніміз - дүниеге қазақ болып келген соң, тағдыр жазғанша қазақ топырағында еңбек етіп, ата-тек пен ата-дәстүрді қастерлеу. Өз тіліңде сөйлеп, өз әніңді шырқап, төл күйіңді күмбірлету - әр перзенттің басты міндеті. Тұмсығымен су тасып, ұясына балшық тасыған қарлығаштай болса да, халқыңның бір кәдесіне жарап, ұлтыңның рухани қазынасына титтей де болса үлес қосу - өмірдің ең биік мұраты. Ұрпақты да осы биік талғаммен, ұлттық ділмен тәрбиелеп өсіруді мақсат тұттық. Алайда, заманның ағымы мен түрлі тарихи жағдайлар, мүмкіндіктің шектеулілігі бұл шартты толық орындауымызға қолбайлау болды. Кейде арман мен ақиқаттың арасы алшақтап, көңілдегі көрікті ойды өмірде жүзеге асыру қиынға соқты. Сондықтан да біз әлі күнге дейін «күй-күйдің күйін» шертеміз. Бұл - тек аспаптың үні емес, бұл - өткенге деген сағыныш, бүгінгі күнге деген өкініш пен болашаққа деген үміттің тоғысқан зары. Бұл - бітпеген жыр, толық айтылып болмаған ақиқат. Қазақтың жаны мен тарихы осы күймен бірге өмір сүре береді. Бұдан былай Жаратқан жар болып, ғұмыр берсе, бастан кешкен қилы кезеңдер мен көрген-білгенімді жинақтап, естелік жазып шығарсам деген ниетім бар. Бұл - тек жеке өмірімнің шежіресі емес, Бейжің мен Алматы арасындағы алтын көпір болған өнер мен ақпарат саласының беймәлім беттерін ашуға бағытталған рухани қадам болмақ. Менің есігім де, көңілім де - өнер мен тіл қадірін білетін жастар үшін әрқашан ашық. Өмірдің өзі берген мол тәжірибені келесі буынның кәдесіне жарату - менің азаматтық әрі кәсіби борышым. Аға, сіздің бұл сөзіңіз «Күй пері» мен «Қызғыш ананы» шығарған саусақтардың ғана емес, ұлтым деп соққан жүректің үні. «Қарлығаштай болса да үлес қосу» дедіңіз. Сіз 42 жыл бойы Бейжің төрінен қазақтың үнін әуелеттіңіз, Қаршыға ағаның аманатын арқалап, Алтын қорға 150 күй қалдырдыңыз. Бұл қарлығаштың еңбегі емес, бұл нағыз қыранның сілтеген қанаты мен артына қалдырған өшпес ізі. Аман болыңыз, аға! Қаламыңыз ұштала берсін! Біз сіздің жаңа туындыларыңыз бен естеліктеріңізді асыға күтеміз.

 

   Сұхбатты жүргізген Жаңыл Әпетова

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться