Автор: ADMIN
ТӘРБИЕ ДЕГЕН ТӘҢІР БАР
Бала — ата-анасының, отбасының айнасы. "Ұяда не көрсең — ұшқанда соны ілесің" дегенді жиі айтамыз. Десекте, қазір сол айнаға қараған сайын жан ауыртар жағдайлар көп болып барады. Мұндайда "Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме" деген сөз еске түседі тағы. Қоғамның, қоршаған ортаның бет-бейнесін жасайтын адам. Заманның да, уақыттың да иесі сол. Онда неге біз, адамдар бойынан өзіміз күткен кісілікті көре алмаған кезде "заманына қарай" деп заманды кінәлаймыз.
Ата-аналарымыз қай заманда болсын тәлім-тәрбиеге ерекше көңіл бөлген. Және ұл мен қыздың тәрбиесіне бөлекше қараған. "Қызың өссе ұлы жақсымен, ұлың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол" деген де біздің бабаларымыз. Осы сөздердің тамырына үңілсек, тәрбиенің ананың құрсағы, отбасының бесігінен басталатынын аңғару қиын емес. Ал қазір осы тәрбие деген қасиеттің қадірі неге кетіп барады? Неге жастардың, әрине, барлығының емес, әйтседе, көпшілігінің бойынан кемшіліктерді көбірек көріп жүрміз.
Бірде қоғамдық көлікте үлкен кісі мен он төрт-он бес жасар ұл бала сөзге келісіп қалды...
Үлкен кісі: "Қасыңда әкеңдей адам тұрғанын көріп, қалай дәтің шыдап отыр, ұятсыз" дегені сол еді, ұл орнынан ұшып тұрды... Үлкен кісі орын беріп жатыр десе керек, жағасына жармасқан балғын қолды көргенде көзі шарасынан шығып кете жаздады. Баласы жағасына жармасып жатса, көзі шықпай қайтсін. Бала үлкенді біраз жерге апарып тастады. Үлкен де аянған жоқ. Үлкеннің тілі баланың ата-анасына тиді. «Тексіз, тәрбиесіз» дегенді жанына батыра айтты. Бала оны жайбаракат қабылдап, "үш-төрт әдемі" боқтығымен сыбап алды да, сағызын жапылдата шайнап отыра берді. Төңіректегілер «сұмдық-ай» десті. Шынымен сұмдық шығар. Ал олай болса, неге осы сұмдықтардың тамырына үңілмейміз? Бала жағымсыз мінезді періште бойына қайдан қондырды? Қазір тәлім-тәрбие төңірегінде әңгіме айтыла қалса, қоршаған орта мен теледидарды, тіпті баласының бойындағы кемшілікті мектеп пен мұғалімнен іздейтін де ата-аналар кездеседі. Сол теледидардағыны қабылдайтын, мұғалімге еліктейтін кезеңге дейінгі тәрбиеге жауаптыны қайдан іздейміз?
Осындайда "ұяда не көрсе ұшқанда, соны іледі" деген бабалар тағылымы ойға оралады. Ал қазір көп отбасы жұмысбасты болғандықтан, бала тәрбиесін мектепке тапсырды. Енді қайтсін. Күнкөріс қажет.
Таң алакеуімнен кеткеннен қас қарая үйіне оралады. Шаршап-шалдығып келген адамның тәлім-тәрбиемен айналысуына уақыты да, құлқы да бола бермес. Сондықтан да еркі өзінде болған бала ойына не келсе, соны істеуге бейім. Күні бойғы бар "тәлім-тәрбиешісі" теледидар, одан қалса, екі құлақты тарс жауып тастайтын шетелдің мән-мағынасы жоқ, ми шайқап, жүйке тоздырудан басқа пайдасы жоқ музыкасы. Одан қалса, санасын санға бөлер компьютер мен автоматты ойындар... Бүгінгі көп баланың бар ермегі осы.
Ата-ана баласын бек сеніп тапсырған мектептегі тәлім-тәрбие жұмысының да төрт құбыласы тең емес. Бұрынғыдай қоғамдық жұмыстарға тартылмайды. Үйірме біткеннің барлығы ақылы. Тегін дегендері балалардың көңілінен шықпайды десек, ақылы үйірмеге ақы төлеуді кез-келген ата-ананың жағдайы көтере бермейді. Кітапқа құмар балаларымыз да көп емес.
Күні бойы бос жүрген бала әр нәрсеге еліктегіш келеді. Сондықтан болар, жасөспірімдер арасында қылмыстың көп болып түрғаны. Есірткіге, арақ-шарапқа, шылымға құмарлары да аз болмай тұр. Ал бұл дегеніңіз келешегіміз деген жастарымыздың өміріне, алға қойған мақсат-мұраттарына кері әсерін тигізері хақ.
Төңіректен түңілген сәттерде қолымызға алып жүгінетін Абайдың оныншы қара сөзінде бала, бала тәрбиесі туралы айтылады. Абайдан артылтып кім айта білген. Сол оныншы сөзде... "Баланың жақсысы — қызық, жаманы күйік" делінген. Баламыз жанымызға күйік түсірмес үшін біз тәрбие деген тәңірді естен шығармауымыз керек. Қызға да, ұлға да қырық үйден тыю керек уақыт қазір. Үлкендер кемшілігі көп, кішілігі жоқ деп жастарға көбірек өкпелейміз. Ал сол қасиеттер өзіміздің бойымызда бар ма? Осыны көбірек ойласақ.
Тағы да қарасөзге жүгінсек, Абайдың "әуел балаңды өзің алдайсың: "Әне, оны берем, мұны берем" деп. Баста балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңы... балаң алдамшы болса, кімнен көресің? "Боқта" деп біреуді боқтатып, кәпірқияңқы, осыған тимеңдерші деп, оны масаттандырып, әбден тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде, молданың ең арзанын іздеп, хат таныса болады деп, қу, сұм бол деп, пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді" деп тірі жанға сендірмей, жат мінез қылып, осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?!» деген сөзі бізді бүгінде көбірек ойлантса керек-ау. Өйткені, дәл қазір бір-бір отбасының төрелері Абайдың мысалындай тәрбиеленіп жатқанында ешкімнің таласы жоқ. Түсінеміз... Көзіміздің ағы мен қарасындай екі-үш баланы еркелетпегенде қайтеміз дейтін болармыз. Бірақ, сол еркін еркеміз өз маңдайымызға таяқ болып тимесе дейсің...
Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер
Басты жаңалықтар
TÄRBIE DEGEN TÄÑİR BAR
ТӘРБИЕ НЕГIЗI – ОТБАСЫНДА
TÄRBIE NEGIZI – OTBASINDA
Последние новости
WLTTIQ TÄRBIENİÑ OTBASINDAĞI MAÑIZI
ۇلتتىق تاربيەنىڭ وتباسىنداعى ماڭىزى
ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ ОТБАСЫНДАҒЫ МАҢЫЗЫ