Әлем

Автор: ADMIN

Әлем 2026-03-07 23:45:00

Біз әлеуметтік желілерде:

ЛЮДВИГШТРАССЕДЕГІ ҚАЗАҚ ІЗІ

news single

    ЛЮДВИГШТРАССЕДЕГІ ҚАЗАҚ ІЗІ

 

    Ақпан айында Бавария астанасы Мюнхеннің қақ ортасындағы әйгілі Людвигштрассе бойымен келе жатып, өткен ғасырдың ақпараттық майданының тірі куәгері, «Азаттық» радиосының ардагері, Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының негізін қалаушы Әбділқайым Бірғазыұлы Кесижимен өмір сүріп жатқан ортасы, өткені мен бүгіні жайлы сұхбаттасудың сәті түсті. Бұл - тек серуен емес, бұл - тарихтың терең қатпарларына саяхат еді.

 

    МЮНХЕНДЕГІ ҚАЗАҚ РУХЫНЫҢ ШАМШЫРАҒЫ: ҚАЙЫМ КЕСИЖИ

 

    Әбділқайым Бірғазыұлы Кесижидің өмірі - тұтас бір дәуірдің шежіресі. Гималай асқан қасіретті көштің ұрпағы болып туып, Мюнхен төрінде қазақтың еркін дауысын әлемге танытқан ол - нағыз тағдыр иесі. Өткен ғасырдың екінші жартысында Мюнхен қаласы қазақ баласы үшін еркіндіктің символына айналды. Мұндағы «Азаттық» радиосының қазақ бөлімі ұлттық рухтың соңғы бекінісіндей қызмет етті. Сол тарихи кезеңнің тікелей куәгері, белгілі қоғам қайраткері Әбділқайым Бірғазыұлы (Абдулкайюм Кесижи) өз естеліктерінде радионың ішкі тынысы мен тұлғалар бейнесін жаңғыртады. Бәрі 1979 жылдың наурызында басталды. Сол кездегі Стамбул университеті журналистика факультетінің соңғы курс студенті Әбділқайым Бірғазыұлы Мюнхенге атбасын тірейді. Екі апталық интервью мен кәсіби сыннан сүрінбей өтеді. Жас маман 1980 жылдың 9 қаңтарында ресми түрде жұмысқа орналасады. Әбділқайым Бірғазыұлын жұмысқа шақырған да, алғашқы жетекшісі болған да Жәкен Бапыш болды. «Ол «Азаттық» радиосы Қазақ бөлімінің сол кездегі бастығы болатын. Ол қазақ редакциясының қалыптасуына, оның жеке шаңырақ ретінде бөлініп шығуына зор еңбек сіңірген тарихи тұлға, журналист және басшы. Ол кісі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен совет әскерлерінің бірі, Қызыдорда облысы, Қармақшы ауданының тумасы.

 

   «Азаттық» радиосының Қазақ бөлімін (Kazakh Service) 1975 жылдан 1987 жылдың аяғына дейін басқарды. Жәкен Бапыштың басшылығы тұсында «Азаттық» радиосы тек саяси жаңалықтар емес, сонымен қатар, Алаш арыстарының мұрасын, қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін, шетелдегі қазақ диаспорасының тыныс-тіршілігін тұрақты түрде насихаттайтын деңгейге жетті» - деп алғашқы ұстазын еске алды Әбділқайым Бірғазыұлы. 1988 жылдан бастап бөлім тізгінін Хасен Оралтай қолға алды. Әбділқайым Бірғазыұлы Хасен ағасын «іскер, отты, тіке сөйлейтін өр мінезді жан» ретінде суреттеді. «Хасен ағай, «Азаттық» радиосы Қазақ бөліміне 1988 жылдың ақпан айынан бастап, бастық болып тағайындалды. 1968 жылдан бастап Азаттық Радиосында жұмыс істеген Хасен ағай өте іскер адам болатын. Жұмысқа орай ол кісінің үлгі тұтарлық жақтары көп болды. Ол Мағжаншыл, Түрікшіл, Қазақшыл және ұлтшыл адам еді. Бұл жағынан екеуміздің көзқарас, пікірлеріміз бір арнаға тоғысатын. Екеуміз идеялас едік. Ол кісі айтар сөзін аямайтын, тіке сөйлейтін, қызбалау, өр мінезді кісі болатын. Ол жағынан мінезіміз де ұқсас тұстар көп болатын. Мінезіміз ұқсас болған соң, кейде қызу пікір таластырып, ренжісіп те қалатынбыз. Бірақ Мағжанның рухы мен қазақшылық мүддесі бізді қайта табыстырып жіберетін Мен ол кісінің көптеген қасиеттерін үлгі тұтып сыйлайтынмын. Хасен ағай да мені “Мағжан жолын ұстанған” түрікшіл, қазақшыл» деп жақсы көретін, қадірлейтін», – дейді кейіпкеріміз. Хасен Оралтайдың 1960 жылдары Түркияда Мағжан Жұмабаев туралы алғашқы кітаптардың бірін шығаруы – сол кездегі диаспора жастары үшін нағыз рухани төңкеріс болғаны анық. 1995 жылы «Азаттық» радиосының штаб-пәтері Вацлав Гавелдің шақыруымен Мюнхеннен Прагаға (Чехия) көшті. Бұл жаңа кезеңнің басталуы болды: журналистер Қазақстанның ішінде ресми бюролар ашуға мүмкіндік алды. Бұл радио тарихындағы үлкен бетбұрыс еді. Сол тұста Хасен Оралтай директорлық қызметте болса, Әбділқайым Бірғазыұлы директордың орынбасары міндетін уақытша атқарушы (acting director) және жауапты редакторлық жауапкершілікті арқалады. Оралтайдың саяси қайсарлығы мен Кесижидің ұйымдастырушылық қабілеті үйлесім тауып, радионы жаңа деңгейге шығарды. «Тап сол кезде Хасен Оралтай Мюнхендегі Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің директоры болатын. 

 

   Мен ол кезде Азаттық Радиосы Қазақ бөлімі директорының уақытша орынбасары (acting director) және жауапты редактор (supervising editor) қызметін атқарып жүрген болатынмын. Қазақ Бөлімі директорының тұрақты орынбасары басқа кісі еді. Айтпақшы мен радио хабарларында, яғни микрофон алдында түрікше фамилиямның орнына қазақша, атам Бірғазының атын қолданатынмын», -деп еске алды Әбділқайым Кесижи. Кейіпкеріміз эфирде түрікше «Кесижи» фамилиясын емес, өзінің атасының атымен Әбділқайым Бірғазыұлы деп сөйлейтінін еске алды. Бұл оның тегіне деген құрметі мен ұлттық бірегейлікті сақтауға деген талпынысының көрінісі еді.

 

    Әбділқайым Кесижи радиода тек диктор емес, саяси шолушы және редактор ретінде танылды. Оның жұмыс істеген уақыты ең жауапты кезеңдерге тұс келді: 1980-жылдардың соңы мен 1991 жылғы Тәуелсіздік жарияланған сәттерде ол тікелей эфирде хабарлар жүргізді. Ол - кеңестік идеологиядан ада, батыстық стандарттарға негізделген қазақ журналистикасының қарлығаштарының бірі болды. Ол ақпаратты біржақты емес, жан-жақты талдап жеткізудің халықаралық мектебін қазақ тілінде сөйлетті. Қазақстан билігі мен оппозициясы, батыс саясаткерлері мен қарапайым халық арасындағы теңгерімді ұстай білген кәсіби маман ретінде танылды.

 

   Оның басты ерекшелігі: ол тек диктор емес, аналитик болды. КСРО ыдырап, Қазақстан Тәуелсіздік алған алмағайып заманда Батыс пен Шығыстың саяси ахуалын терең түсініп, оны қазақ тілінде сауатты жеткізе білді. «Азаттық» радиосы арқылы ол көптеген саяси-қоғамдық терминдердің қазақша баламаларын қалыптастыруға үлес қосты. Ол Түркия қазақтарының көне сөздерін, Мюнхендегі эмиграцияның саяси лексикасын және Қазақстандағы заманауи тілді шебер ұштастырды. Оның эфирдегі сөз саптауы бүгінгі дикторлар мен журналистер үшін нағыз «классикалық үлгі» болып табылады.

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться