Тарих

Автор: ADMIN

Тарих 2026-03-08 02:07:00

Біз әлеуметтік желілерде:

НОБЕЛЬ ЛАУРЕАТТАРЫНЫҢ МЕКЕНІ

news single

     Кітапханадан шыға сала, оған қарама-қарсы орналасқан Людвиг-Максимилиан университеті туралы баяндап берді. Неміс тілінен емтиханды сол университетте тапсырғанын, осы көше бойында жастық шағының кейбір сәттері өткенін еске алды. Өмірінде өшпес із қалдырған қаралы күнді де қайғыра есіне алды. Әбділқайым Кесижи үшін Мюнхен университетінің қабырғасындағы алғашқы тіл үйрену курстары тек білімнің басы емес, өмірін екіге бөлген үлкен сынақтың куәгері еді. Жаңа ел, бейтаныс орта және болашаққа деген үлкен үмітпен келген жас жігіттің көңілі асқақ болатын. Алайда, тағдырдың жазғаны басқаша болып шықты. Мюнхеннің суық та қатал көшелерімен алғашқы неміс тіліндегі сөздерді жаттап жүрген күндердің бірінде оған суық хабар жетті. Жат жерде жүрген жан үшін ең қорқыныштысы - алыстан келетін қаралы хабар.

 

   Анасының жол апатынан кенеттен қайтыс болғанын естігенде, айналасындағы дүниенің бәрі астан-кестен болып, Мюнхеннің зәулім ғимараттары үстіне құлағандай әсер қалдырды. Бұл хабар Әбділқайымның жүрегіне өшпес жара салды. Жанына ең жақын адамның - анасының соңғы демін сезіне алмай, жанында бола алмау азабы оның санасын торлады. Университет аудиторияларындағы шу мен неміс тілінің бейтаныс дыбыстары сол сәтте құлағына тек қаралы әуендей естіліп, көз алдында тек туған анасының мейірімді бейнесі мен сол соңғы сапардың сұмдық суреті тұрып алды. Мюнхен оған тек білім берген қала емес, ең алғашқы үлкен қайғыны арқалатқан, сағыныш пен өкініштің дәмін татырған қала болып жадында мәңгіге қалды. Сол бір қаралы күн оның өміріндегі ең ауыр белес ретінде тарихқа енді... «Людвиг-Максимилиан университеті (LMU) - бұл тек білім ордасы емес, Германияның рухы мен еркіндігінің символы» - деп жалғады аға әңгімесін. Ондағы «Ақ раушан» (White Rose) қарсылық қозғалысының тарихы туралы баяндады. «Ақ раушан» - еркіндік символы. Бұл - университеттің ең драмалық әрі мақтанышты парағы.

 

    Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде студенттер Ганс пен Софи Шолль бастаған топ нацистік режимге қарсы парақшалар таратқан. Топтың өзегі - Мюнхен университетінің студенттері мен бір профессоры болды: Ганс Шолль және оның қарындасы Софи Шолль (қозғалыстың символына айналған тұлға), Кристоф Пробст, Александр Шморель (шығу тегі орыс, православие дінін ұстанған), Вилли Граф, Профессор Курт Хубер. «Ақ раушан» мүшелері қару алып соғысқан жоқ. Олардың басты қаруы - сөз бен шындық болды. Олар 1942 жылдың маусымы мен 1943 жылдың ақпаны аралығында 6 түрлі үнпарақ (листовка) дайындап, таратты. Бұл үнпарақтарда олар Гитлердің қылмыстарын әшкерелеп, неміс халқын «пассивті қарсылыққа» және нацизмді құлатуға шақырды. Олар өз мәтіндерінде Гете, Шиллер, Аристотель сияқты ұлы ойшылдардан дәйексөз келтіріп, жоғары интеллектуалды деңгейде жазған.

 

   1943 жылғы 18 ақпанда Софи мен Ганс Шолль Людвиг-Максимилиан университетінің бас ғимаратының (дәл Людвигштрассе бойындағы) жоғарғы қабатынан үнпарақтарды ішкі аулаға шашып жатқан жерінде университет күзетшісінің қолына түседі. Оларды Гестапо тұтқындап, небәрі 4 күннен кейін «халық соты» өлім жазасына кеседі. Софи Шолльдың соңғы сөзі: «Күн шуақты әдемі күн еді, ал маған кету керек... Бірақ біздің ісіміз арқылы мыңдаған адам оянса, менің өлімімнің не маңызы бар?» деген болды. Олар гильотина арқылы өлім жазасына кесілді. Университеттің бас ғимаратының алдындағы тас төсемге (брусчатка) шашылып жатқан парақшалар бейнесіндегі ерекше ескерткіш - сол ержүрек жастардың таратқан қағаздарын мәңгілікке есте қалдыру нышаны.

 

   Университет бас ғимаратының алдындағы алаң - Шолль ағайындылары алаңы деп аталады.» Людвигштрассе бойындағы университет алдында шашылып жатқан үнпарақтар ескерткішіне қарап тұрып, Қайым ағаның әңгімесін тыңдау - екі түрлі дәуірдегі, бірақ мақсаты бір «еркіндік жолындағы күресті» сезіну еді. Бір кездері Шолль ағайындылары шындық үшін жанын берсе, кейін Қайым Кесижилер сол шындықты эфир толқынында тірі сақтады.

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться