Автор: ADMIN
Қазақстанның солтүстігінде үшінші АЭС салынуы мүмкін,- деп хабарлайды “Shalqar.kz”.
Қазақстанда үшінші атом электр станциясын салу үшін бірнеше аумақ қарастырылып жатыр. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстандағы Тобыл өзенінің маңы да бар.
Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев 13 қарашада Түркияның Анталья қаласында өткен «Әлемдік атом күндері – 2026» форумының аясында журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта үшінші АЭС құрылысына Шығыс Қазақстандағы Курчатов қаласы, Каспий теңізінің жағалауы және Солтүстік Қазақстандағы Тобыл өзенінің маңы ықтимал орын ретінде зерттеліп жатыр. Солтүстік өңірдегі аумақты қарастыруды KEGOC ұлттық электр желісінің операторы ұсынған. Бұл жерде реакторларды салқындатуға қажетті су қорының жеткілікті болуы маңызды факторлардың бірі саналады. Атом энергиясы агенттігінің басшысы станцияның нақты орналасатын жері әлі анықталмағанын атап өтті. Шешім қабылдау кезінде болашақтағы электр энергиясына сұраныс, геологиялық және гидрологиялық жағдайлар ескерілмек. Сонымен қатар орташа қуатты реакторларды пайдалану мүмкіндігі қарастырылып отыр. Олар электр энергиясымен қатар жылу өндіруге, ал кейбір жағдайларда суды тұщытуға мүмкіндік береді.
Қазақстанның атом энергетикасын дамыту стратегиясына сәйкес, 2050 жылға дейін елде кемінде үш атом электр станциясын салу жоспарланған.
Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер