Автор: ADMIN
Қазақстанда 50 жастан асқан азаматтарды жұмысқа орналастыру тәртібі түсіндірілді,- деп хабарлайды "Shalqar.kz".
Қазақстанда 50 жастан асқан азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған "Күміс жас" жобасы жалғасып жатыр. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында бағдарлама аясында 10,3 мың адам жұмысқа орналасқан. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Жобаға 50 жастан асқан, жұмыс іздеп жүрген және Мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар қатыса алады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – аға буын өкілдерінің еңбек нарығына қайта оралуына көмектесу және оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету.
Жоба аясында жұмыс берушілерге қызметкердің жалақысының бір бөлігін өтеу үшін мемлекеттік субсидия беріледі. Қолдау мерзімі 36 айға дейін созылады. Субсидия мөлшері жұмыс кезеңіне қарай төмендегідей белгіленген: алғашқы 12 айда- жалақының 70%-ы; 13-24 ай аралығында- 65%-ы; 25-36 ай аралығында- 60%-ы.
Бұл ретте мемлекеттік субсидия көлемі айына 30 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспауға тиіс.
Бағдарламаның маңызды шарттарының бірі- жұмыс берушінің қатысушыны жоба аяқталғаннан кейін де жұмыспен қамтамасыз етуі. Зейнет жасына жетпеген азаматтар үшін тұрақты жұмыс орны кемінде бір жылға сақталуы керек. Ал 58 жастан асқан қатысушылар зейнет жасына жеткенге дейін жұмысын жалғастыра алады.
Министрлік мәліметінше, бағдарламаға қатысушылардың 54,7%-ын әйелдер, ал 61%-ын ауыл тұрғындары құрайды. Жұмысқа орналасқандардың басым бөлігі Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе және Жамбыл облыстарына тиесілі.
Жобаға қатысу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына жүгініп, жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет. Сонымен қатар, тіркелген жұмыссыздар Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы қолжетімді бос жұмыс орындарын таңдай алады.
Айта кетейік, "Күміс жас" жобасы 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Ол тәжірибелі мамандардың кәсіби әлеуетін сақтауға және еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер