781?wXp5n Шалкар
logo Шалқар
ЖАҢАЛЫҚТАР

Автор: ADMIN

ЖАҢАЛЫҚТАР 2024-12-29 10:42:59

Следуй за нами

Қазақстанда қатерлі ісікті ерте анықтай алады

news single

2024 жылы ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының Ядролық медицина орталығы ПЭТ/КТ диагностикасына арналған үш инновациялық радиофармпрепарат шығаруды жолға қойды. 2025 жылы тағы екі жаңа препаратты өндіріске енгізу жоспарланған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ядролық медицина жөніндегі штаттан тыс бас маманы, Ядролық медицина орталығының басшысы, медицина ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова айтты, - деп хабарлайды «Shalqar kz» ақпарат порталы.

«Осы жыл Орталық үшін ерекше болғанын айта кету керек. Біз радиоизотоптық зерттеулер көлемін едәуір арттырып, 12 мыңнан астам талдау жүргіздік. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 40% артық. Жаңа технологиялардың арқасында онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік алдық. Қазақстанда алғашқы болып 18F-FDG, 18 FAT және 68GA-API бірегей радиофармпрепараттарын шығара бастадық. Осылайша, орталықта шығатын препараттардың саны 7-ге жетті, ал оның 6-ы – циклотрон өндірісі», - деп түсіндірді Айгүл Сәдуақасова.

Бұл препараттар дәрігерлерге басқа әдістермен байқау қиын ісіктерді көруге көмектеседі. Мәселен, бірінші препарат ағзадағы қатерлі ісік жасушаларын анықтауға және процестің қаншалықты белсенді жүріп жатқанын көруге, екінші препарат мидағы ісікті диагностикалауға қолданылады, үшіншісі бауыр, өкпе, ұйқы безі, асқазан және т. б. ісіктерді анықтауға мүмкіндік береді.

«Оған қоса, препараттар бізге, яғни, ядролық медицина саласы дәрігерлеріне науқастың жағдайы туралы онкологтардың сұрағына барынша дәлірек жауап беруге көмектеседі. Препараттар денеден тез шығып кететіндіктен, пациенттер үшін қауіпсіз, дәрігерлерге нақты әрі көбірек ақпарат береді. Мұның бәрі адам денсаулығы үшін өте маңызды, өйткені уақтылы қойылған диагноз тезірек жазылуға, толыққанды өмір сүруге мүмкіндік береді», - деп атап өтті А.Сәдуақасова.

Ол Орталықтың тағы бір жетістігі онкологияға шалдыққан науқастардың сүйек метастаздарын диагностикалау және емдеу үшін алғашқы «Самария» тераностикалық препаратын енгізу екенін атап өтті.

«Тераностика» термині «терапия» және «диагностика» деген екі сөздің бірігуінен туған. Бір сөзбен айтқанда, біз бір изотоппен диагноз да қойып, емдей аламыз. Бұл бүкіл әлемде қарқынды дамып келе жатқан бағыт және біздің еліміз де дәл осы саланы дамытуға тырысып жатыр. Ұранымыз: Біз нені емдейтінімізді көре аламыз, көргенімізді емдей аламыз! Медицинадағы бірегей бағыт онкологиялық ауруларды емдеу мен диагностикалаудың тағы бір жолын ашуға, оның балама жолдарын жасауға қабілетті», - деді Ядролық медицина орталығының басшысы.

Сонымен қатар, Орталық метаболикалық белсенді ісіктерді диагностикалау үшін қолданылатын 18F-FDG (фторглюкоза) радиофармацевтикалық препаратын тіркеуді аяқтады, яғни бұл препаратты басқа медициналық ұйымдарға сатуға дайын. Бұл диагностика жасауға келетін пациенттерді көбейтіп, ПЭТ/КТ зерттеуінен өту үшін жиналатын кезекті қысқартады.

«Біз үнемі алда болуға тырысамыз. Келесі жылы дәрі-дәрмектер желісін көбейтіп қана қоймай, ғылыми ынтымақтастықты күшейтуді жоспарлап отырмыз. Диагностикаға арналған 18F-PSMA және 68Ga-PSMA препараттарын енгіземіз. Бұл технологиялар ерлер арасындағы онкологиямен күресуге көмектеседі», - деп атап өтті Айгүл Сәдуақасова.

Ядролық медицина орталығы 2022 жылы ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының жанынан ашылды. Ол – GMP халықаралық стандарттары бойынша жұмыс істейтін бірегей мекеме. Орталық онкологиялық аурулардың уақтылы диагностикасын жасап қана қоймай, жаңа технологияларды енгізе отырып Қазақстандағы ядролық медицинаны дамытудың катализаторына айналды.

 

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Барлық жаңалықтар


«Shalqar kz» халықаралық интернет басылымы
«Shalqar kz» халықаралық интернет басылымының маңызды ақпараттарына жазылу. Соңғы жаңалықтар туралы хабардар болыңыз